Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік белсенділер ипподром орнына биік үйлердің салынуына қарсылық білдірді

Шымкентте әлі бастала қоймаған құрылысқа қарсы шығушылар көбейді. Олар жасыл аймақ белдеуіндегі шұрайлы жерге он екі қабатты биік үйлердің түскенін қаламай отыр. Сарапшылар алдымен демалыс аймағына биік үйлер салу бас жоспарға қайшы десе, кейін қала көшелеріне түсер салмақ күрт артып кетеді деп отыр. Ал қала басшылығы болса, шаһар дамып келеді, бас жоспар бекітілген уақытта Шымкенттің мегополис болатыны белгісіз еді деп ақталып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.  

Шымкенттегі ипподромның халықаралық стандартқа сәйкес емес екені соңғы жылдары жиі айтыла бастаған. Оның сайда орналасуы - аттардың тыныстарына ауыр деген пікірлер жиілеген. Ескіргені тағы бар. Енді дәл сол орынға қала әкімдігі көпқабатты үйлер тұрғызуды жоспарлапты. Ал сәулетші Асқар Смайылұлының пікірінше, саябақтар аумағында тұрғын үй салуға мүлдем болмайды. Сондықтан қала әкімі де, сәулет басқармасы да заңды өрескел бұзып отыр, дейді. 

"Бұл жерге салынатын ғимараттың барлығы элиталық тұрғын үйлер. Ол жоғарғы кластағы үйлер. Яғни, сіз бен біз секілді қарапайым азаматтар ондай үйлерге қол жеткізе алмайды. Қазақтар пәтер жалдап тұратын болады", - дейді қалалық сәулетшілер қауымдастығы бірлестігінің төрағасы Асқар Мамырбаев. 

Сарапшы маман дайын тұрған жер көп, бірақ тура жасыл аймақ белдеуіне көз салуында үлкен азаматтардың қызығушылығы жатыр деп топшалайды. 

Ал қаланың қазіргі сәулет басқармасындағылар инвесторларды үркітіп алмай, көніп тұрған сәтін пайдалану керек деп есептейді. Жасыл аймақтан 30 гектар бере отырып, 100-ден астам млд қаржы тарта аламыз дейді. Ұсыныс нақты бекітілген жоқ. Егжей-тегжейлі жоспар жасалынады деп отыр. 

"Бірнеше үйді алып қоя салмайды, өзінің жобасы бар. Талдау жасалғаннан кейін, халықтың жағынан да ұсыныс болады", - дейді сәулет қала құрылысы және жер басқармасының басшысы Нұрлан Архабаев. 

Оған қоса, сол компания басқа ипподром құрылысын да салып бермек. 

Талқылау