Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте полиция департаментіндегі жігіт өлімі: Үш лауазымды полицей екі айға қамауға алынды

Шымкент қалалық полиция департаментінде көз жұмған Нұрболат Жұмабаевтың ісі бойынша ұсталған үш лауазымды полицей ұлттық қауіпсіздік департаментінің тергеу қапасына қамауға алынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу сотында Нұрболат Жұмабаевтың ісі қаралды. Бұған дейін уақытша ұстау қапасына қамалған екі подполковник пен бір полковник тергеу тергеу екі айға қамауға алынды.

8 желтоқсанда тергеу кезінде көз жұмған жігітке қатысты оқиғадан кейін Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне сәйкес (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, өлімге әкеп соғу) қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қатарында үш лауазымды полицей бар. 

Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы қайтыс болған жігітке полицейлер тарапынан күш қолданылғанын мойындады. Бұл оқиғадан соң алты лауазымды полицей ішкі істер органдарынан шығарылды. Олардың үшеуі бүгінде күдіктілер қатарында.

Марқұмның әкесі Ерғара Жұмабаевтың адвокаты Талғат Есімов ішкі істер органдары қатарынан шығарылған алты полицейдің де үстінен іс қозғалу керектігін айтты.



"Алты полицейдің үшеуінің үстінен іс қозғалды. Мен қалған полицейлердің де, сонымен қатар мынау СОБР (жедел әрекет ету арнайы жасағы) қызметкерлерінің де үстінен қылмыстық іс қозғалуы керек деп есептеймін. Бұл бойынша прокуратураға талап-арыз бермекпіз. Сондай-ақ осы оқиғадан кейін департамент бастығы өз қызметінен кетуі керек деп есептейміз. Бұл бойынша Президент әкімшілігі, Бас прокуратура мен тергеу тобына алдағы күндері шағым жібереміз", — дейді адвокат Экспресс К басылымына. 

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте тергеу кезінде 31 жастағы азаматтың көз жұмғанын хабарлаған едік. 

Оны 8 желтоқсан күні Шымкент полициясы досымен бірге "көлік ұрлығына" күдікті деп арнайы жасақпен қолға түсірген. Бірнеше сағаттан соң оның өлімі тіркелген. Полиция бұған кенеттен денсаулығы сыр бергенін желеу етті. Бірақ қара жамылған отбасы бұған сенбейді, олар ұлдарын тәртіп сақшылары "ұрып өлтірді" деп отыр.

Сондай-ақ Нұрболат Жұмабаевпен бірге полиция ғимаратына жеткізілген досы оқиғаның қалай болғанын айтып берген болатын. 

Талқылау