Жоқ адамдарды жұмысқа алған: Шымкентте мектеп басшылары сотталды
Шымкентте жоқ адамды жұмысқа алып, мемлекет қаржысын жымқырған мектеп басшылары сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: yandex.ru
Жоқ адамды жұмыспен қамтыдық деп, мемлекет ақшасын жымқырған шымкенттік мектеп басшыларына сот үкімі шықты. №44 мектептің бұрынғы директор орынбасары мен есепшісі 3 жылдан бері 48 миллион теңгені қалтаға басқан. Бұл сомманы өзара бөліскен басшылар шын мәнінде жұмыс істемеген адамдарды қызметкерлер қатарына тіркеген. Және оларға түскен жалақыны өзара бөлісіп отырған.
"Бухгалтерге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Директордың орынбасарына да кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал директорге оларды қадағаламағаны үшін айыппұл салынды. Оған 5 жарым млн теңге көлемінде айыппұл салынды", – дейді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сәбит Төреханов.
Бас есепші өзіне барлығы 22 684 911 теңге қаржы аударған. Ал директор орынбасары 12 415 387 теңгені аударып, өзара бөліске салған. Қала берді 1 715 591 теңгені аударып иемденіп алған. Білім ұясындағы былық мұнымен бітпейді. Директордың орынбасары өзінің қызмет бабын пайдаланып, іс жүзінде жұмыс істемейтін зертханашы, тазалық мамандарына бөлінген 5 014 279 теңге, 347 778 теңге, 498 196 теңге, 516 401 теңге айлықтарды өз шотына аудартып отырған.
Енді есепші мен директордың орынбасары алдағы 7 және 8 жылын темір торда өткізеді. Және мемлекетке келтірген шығынды қайтаруы керек. Ал, қызметкерлерінің жұмысына салғырт қарап, қылмысын байқамады деп айыпталған мектептің бұрынғы директоры енді үш жылдай лауазымды қызметте жұмыс істей алмайды. Соттың мәліметінше, директор мектепте болып жатқан былықтан бейхабар болған.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкенттегі мектептердің бірінде есепші 67 млн теңге мемлекет қаржысын жымқырғаны туралы жазған едік.