Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте көлік ұрлады деген айыппен ұсталған жігітті азаптап өлтірген полицейлерге үкім шықты

Шымкентте полиция департаментінің ғимаратында күдікті Нұрболат Жұмабаевты азаптап өлтірді деп айыпталған бұрынғы полицейлерге қатысты сот үкімі шықты. Тәртіп сақшылары 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Бір жылға жалғасқан сот отырысының нәтижесінде төртеуі де кінәлі деп танылған. Бірақ қос тарап та үкіммен келіспеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

үкім
Сот залында отырған айыпталушылардың төртеуі де экс-полицейлер. Сот ісінің созылуына байланысты олар бірнеше ай бұрын үй қамаққа жіберілген. Полковник, подполковник шенінде қызмет еткен бұрынғы шенділер тергеуде күдіктіні азаптап, лауазымын асыра пайдаланды деп күдікке ілінген еді. 

“Жәнібеков Уәлихан Смаилович ҚК 146-баптың 3-бөлігінде, 362-баптың 2-бөлігінде қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. ҚК 146-бабының 3-бөлігі негізінде құқық қорғау органдарында лауазымды қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылсын”, – деді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы светлана Шиналиева. 

Бір жылға жалғасқан сот отырысының нәтижесінде Шымкенттегі криминалды полиция басқармасының бастығы 7 жыл 6 айға, оның орынбасары 7 жылға, Қаратау аудандық полиция бөлімінің криминалды басқарма басшысы 3 жыл 6 айға, ал жедел уәкілі 2 жылға сотталды. 

“Келіспеймін. Үкіммен келіспеймін”, – деді сотталушы Уәлихан Жәнібеков. 

Күдіктіні азаптап, өліміне себеп болды деп сотталған экс-полицейлер сот залында қамауға алынды. Ал марқұмның жақындары берілген мерзімнің тым аз екенін айтады. Олар енді аппеляцияға жүгінбек. 

“Біз аз жыл берілді деп есептейміз. Өйткені оларға прокурор 8 бен 9 жыл арасында сұрады. Сондықтан үкімді апелляцияға береміз деп ойлап отырмыз. Жазаларын ауырлатуына байланысты”, – деп мәлімдеді адвокат Талғат Есімов. 

Еске салайық, қайғылы оқиға 2021 жылдың 8 желтоқсанында Шымкентте болған еді. Қалыңдығын әкетуге келген қостанайлық жігіт көлік ұрлады деген айыппен тергеуге жеткізілген. Бірақ жауап беруге өз аяғымен барған 30 жастағы Нұрболат Жұмабаевтың полиция департаментінен мәйіті шықты. 17 желтоқсанда үйлену тойы белгіленген ол осылайша туған жеріне жеткізіліп жер қойнына тапсырылды.

Талқылау