Шымкентте қытайлық бизнесмен алаяқтыққа тап болып, 530 миллион теңгеге алданып қалған
Шымкентте қытайлық инвестор 5 жылдан астам уақыт әділдікке жете алмай жүр. Юхуа Хан алаяқтықтың құрбаны болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Otyrar.kz
Шымкенттік тұрғын шетел азаматына бетон зауытын салуға көмектесемін деп уәде беріп, 530 миллион теңгені иемденіп алған. Арада бірнеше жыл өтсе де, инвестор әлі күнге дейін зауыттың иесі болмады, салған ақшасын да қайтара алмады.
Қытайлық инвестор 5 жыл бұрын Шымкентте бетон зауытын салмақ болған. Юхуа Хан қытайша білетін шымкенттікпен танысып, зауыт салуға ақша берген. Алғашында жер сатып алу үшін 120 миллион теңге сұраған. Жақын арада зауыт салуға ақша керек болатынын айтқан.
"Мұның бәрі карантинге дейін болды. Жұмысқа келгенімде мені алдап жатқанын түсіне бастадым. Қытайда бизнеспен айналысамын, бетон зауытым бар. Осыдан кейін полицияға және Қытай елшісіне хабарластым. Олар жағдайдың қалай болып жатқанын хабарлап отыр. Десе де әлі қиын. Енді Қазақстанда зауытым бар ма, жоқ па, білмеймін. Ара-тұра қазір Қазақстанға келіп, істің қай сатыда тұрғанын біліп кетемін", – деді Қытай азаматы Юхуа Хан.
Шетел азаматы ақшаны қайтаруды талап ете бастағанда, оған құрылысты уақытында аяқтауға үлгермегенін айтып, Юхуа Ханды Қытай көліктерін Қазақстанда сатуды бастауға көндірген. Нәтижесінде Қытай азаматы 530 миллион теңге құйған. Оның адвокаты Самат Сапарымбеттің айтуынша, іс бойынша процессуалдық заңбұзушылықтар мен олқылықтар көп.
"2023 жылы тамыздың соңында Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімі бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады, бірақ іс созылып жатыр. Қытайлық инвесторды алдаған Қазақстан азаматы тергеу басында-ақ қамауға алынды. Алайда біраз уақыттан кейін ол кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Қазір күдікті тергеуге араласып, қолхатты бұзып жатыр, ойына келгенін істейді. Оның кінәсін дәлелдейтін барлық дәлел мен куә бар. Біз сондай-ақ осы іске қатысты заңбұзушылықтар бойынша бас прокуратураға бірнеше шағым жібердік", – деді Юхуа Ханның адвокаты Самат Сапарымбет.
Бұл іске қатысты тергеу бір жылдан астам жүргізіліп келеді. Қорғаушы тарап күдіктінің осы уақытта ақшаны қайтаруға тырыспағанын алға тартады. Шымкент қалалық ІІД баспасөз қызметі өз кезегінде күдіктінің ешқайда кетпеу туралы міндеттеме алғанына сендіреді.
"Аталған азаматтың алаяқтық фактісі туралы арызы негізінде Еңбекші аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр", – деп мәлімдеді Шымкент ПД баспасөз хатшысы Бағлан Исатаева.
Зардап шеккен тарап енді Қазақстанда сот әділ өтетінінен үмітті. Қытай азаматы Юхуа Хан инвестициясын қайтара алатынына сенеді.
Еске салсақ, бұған дейін қытайлық кәсіпкер Қазақстаннан ішек-қарын сатып аламын деп алданып қалғаны айтылды.