Шымкентте гүл шоғын ұрлап, сатушыны итерген ер адамның экс-полицей екені анықталды
Шымкентте гүл сататын дүкенде болған жағдай қоғамда қызу талқыға түскен. Көп ұзамай видеодағы ер адамдардың бірі бұрын полицияда қызмет еткені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде дүкен иесі бейнежазба жариялап, гүл шоғын алып кеткен адамның кім екенін айтты.
"Мен қатты қорқып тұрмын. Маған 8 мамырда бізді тонап кеткен ер адам жайлы мәліметтерді жіберді. Бұл прокурордың ұлы емес, учаскелік полицей екен", – дейді ол.
Видеоға қатысты Ішкі істер министрлігі де пікір білдіріп, екінші видеодағы ер адамның 1989 жылы туған Б. есімді азамат екенін мәлімдеді. 8 мамырда ол сатушыға тап беріп, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен.
"Тұран аудандық полиция бөліміне жанжал туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына учаскелік полицей келді. Бірақ дүкен иесі ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, арыз жазудан бас тартты", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар ведомство өкілдері Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігі "Күш қолданып тонау" бабымен іс қозғалғанын жеткізді.
"Тексеріс кезінде қара футболкадағы адамның Қаратау аудандық полиция бөлімінің бұрынғы қызметкері екені анықталды. Ол 19 мамырда отбасылық жағдайға байланысты өз еркімен жұмыстан шығып кеткен", – деді министрліктің баспасөз қызметі.