Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте ауруханада мейірбикені зорлады деп айыпталған дәрігер ақталып шықты

Шымкентте ауруханада мейірбикені зорлады деп айыпталған дәрігер кінәсіз деп танылып, ақталып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі қаланың Әл-Фараби аудандық сотының үйлестіруші судьясы Сәбит Төрехановқа сілтеме жасап хабарлайды.

сот

Сәбит Төрехановтың мәліметінше, айыпталушының кінәсі дәлелденбегендіктен, ол ақталып шығыпты.

«Сотталушы сот үкімі бойынша «Зорлау» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері» баптары бойынша кінәсіз деп танылды. Кінәсі дәлелденбеуіне байланысты ақталып шықты», - дейді үйлестіруші судья. 

Сонымен қатар ол сотталушының өз кінәсін мойындамағанын мәлімдеді. 

«Тергеу іс бойынша заттай айғақтарды жеткілікті түрде ұсынбады. Ал сот-биологиялық сараптама нәтижелері мен 5 куәгердің жауабы жәбірленушінің сөзін растамады», - дейді Төреханов.

Сондай-ақ, үйлестіруші судья сот тергеуі барысында көптеген заң бұзушылық жіберілгені анықталғанын айтты. Соған байланысты, Шымкент қалалық полиция департаменті басшысының атына тергеушіге қатысты қызметтік тергеу жүргізу үшін жекелеген үкім шығарылған. 

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкентте нефролог дәрігер жұмыс орнында мейірбикені зорлап тастады деп күдіктелген еді. «НеМолчи» қоғамдық қорының ерікті заңгері Данияр Жиенбаев оқиғаның мән-жайын айтып берді. Жиенбаевтың сөзінше, оқиға 16 сәуірде Шымкенттің облыстық клиникалық ауруханасында орын алған. Дәрігер мен мейірбике бір жерде жұмыс істеген. 

Талқылау