Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкент қаласының әкімі вакцина салдырды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов коронавирусқа қарсы вакцинаны алғашқылардың бірі болып салдырды, деп хабарлайды Stan.kz aқпарат агеттігі.

Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қалада коронавирусқа қарсы «Спутник V» екпесімен ерікті түрде вакцинациялау науқаны басталды. Бұл үшін қалаға аталған вакцинаның 1000 дозасы жеткізілген.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов коронавирусқа қарсы вакцинаны алғашқылардың бірі болып салдырды. №3 емханаға барып, екпе алдында дәрігерге тексерілді. Қарсы көрсеткіштер анықталмағандықтан, ерікті түрде вакцина салдырды. Қазіргі таңда денсаулық жағдайы жақсы.

«Спутник-V» вакцинасының 1000 дозасы қалалық қан орталығындағы мұздатқыш камераларда уақытша сақтау үшін орналастырылып, бүгін таңғы сағат алтыда төрт емханаға жеткізілді. Екпе егу жұмыстарын жүргізу үшін қаладағы емханалардың базасында 4 вакцинация кабинеті ұйымдастырылып, вакциналарды сақтауға арналған мұздатқыштар орнатылған.

Ерікті түрде вакцина егу үшін медицина қызметкерінің тізімі қалыптастырылған. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері үшін вакцинациялау бойынша семинар-тренигтер өткізіліп, қажетті медицина қызметкерілерінің барлығы оқытудан өтті.

Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсеткіштері жоқ адамдар жіберіледі. Вакцинация алдында дәрігер егуге келген адамды міндетті түрде тексереді.

Еске салайық, бүгін елімізде жаппай вакцинация басталды.

Бұған дейін Денсаулық сақтау вице-министрі - Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов пен денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаны хабарланды. 

Еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов вакцинациядан кейінгі өз жағдайы туралы айтып берді.

Талқылау