Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысындағы "Центр плова" кафесіндегі жарылыс: Тағы екі күдікті ұсталды

Щучинскідегі жарылыс
Фото: Видеодан скриншот

Ақмола облысында арнайы прокурорлар “Центр плова Loft” кафесінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы дерегі бойынша соталды тергеуді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тергеу аясында 20 сәуір күні автогаз құю станциясының директоры мен газ баллондарын жеткізуші қосымша ұсталды. Олар газ баллондарын толтыру және жеткізу қызметін көрсету кезінде заң талаптарын бұзды деген күдікке ілінді.

Қадағалау органының мәліметінше, күдіктілердің әрекеті Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігімен сараланған. Бұл бап тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетіп, абайсызда екіден көп адамның денсаулығына зиян келтіріп, адам өліміне әкеп соқтырған жағдайларға қатысты қолданылады. Бұл бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сот санкциясымен күдіктілердің бірі қамауға алынса, екіншісі үйқамаққа жіберілді.

Прокуратура сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын, іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайтынын мәлімдеді.

Мән-жайы

Еске салайық, бұған дейін 26 ақпанда Ақмола облысы Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендердің 13-і Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілді, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Көкшетауға тасымалданды, тағы екі адамды жеткізу жоспарланып отыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 23 Сәуір, 2026 11:10