Шетелде қаза болған қазақ қыздарының сұрауы кімнен?
Түркияда екі жыл бұрын көз жұмған Елдана Қаһарманның өліміне қатысты тың деректер пайда болды. Еске салсақ, Түркия полциейлері бойжеткен өзіне қол жұмсаған деп мәлімдеген еді. Алайда түрік журналисі оны өлтірді деген ақпарат таратты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеп хабарлайды.
2019 жылы 21 жастағы Елдана Қаһарман Түркияда білім алып жүріп, кенеттен көз жұмды. Ашық, интернетте аса белсенді қыздың өлімін түрік дәрігерлері "суицид" деп таныды. Бірақ бұған көпшілік сенбеген еді. Ал жақында түркиялық журналист қазақ қызының өмірінің соңғы сәтіне қатысты тың ақпаратты мәлімдеді.
"Елдана Қаһарманның өліміндегі сот-медициналық құжатында қате ақпараттар жазылған. Әсіресе, дүние салмас бұрын ішімдік ішкен делінген. Алайда бұл мәлімет расталмады. Денесінен іздер де табылған", - деді журналист Барансель Ағжа.
Журналист бұл іске Түркия Жоғарғы Ұлттық мәжілісінің депутаты қатысты болуы мүмкін дегенді айтқан.
Айта кетсек, осыған ұқсас жағдай Ресейдің Мәскеуінде болған еді. Беделді университетті тәмамдауға таяу қалған Томирис Байсафа 2018 жылы 4-қабаттан құлаған. Қайғылы жайтқа қатысы бар деген күдікпен дағыстандық ірі саясаткердің ұлы ұсталды. Дәл бүгін осы іс бойынша Мәскеуде сот отырысы да өтіп жатыр.
Сандира Серікханова да Қытайға білім алу үшін аттанған. Алайда ол да биіктен құлап, көз жұмды. Небәрі 6 айда қытайша үйреніп, грант иеленген отандасымыз ресми ақпаратта "суицид" жасаған делінген. Бірақ туыстары бұл істе өзге қазақстандықтардың қатысы бар деп сенбеді.
Өкінішке қарай, шекара асып, білімнен бөлек, жайлы өмір іздеймін дегенде, қыршыннан қиылған қыздарымыз да жеткілікті. Бірі жол-апатынан, өзгесінің денсаулығы шетелде сыр беріп, көз жұмып жатады. Психолог кімді болмасын, шекара асқанда, дайындап жіберу керек дейді.
"Кез келген адам шетелге шыққанда, жауапкершілікті өз мойнына артып шығады. Ол хабарға шығып тұрса, мен сені қолдаймын, күтемін, не болса да, маған жасырмай айт, қиыншылық болса, ашылып, айтуға болады", - деді маман.
26 жастағы қазақстандық Әсел бір апта бұрын Тибилисиде түсініксіз жағдайда қайтыс болды. Сәуір айының соңында туысы оны Грузияға жұмысқа шақырған. Кейін туысы күтпеген жерден Қазақстанға оралған. Бір күннен кейін қыз өлі күйінде табылды.