Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шешіміне қарсымын": Айдана Меденованың ағасы қарындасының өнерден кеткеніне қатысты пікір білдірді

Танымал әнші, музыкант Ермек Меденов қарындасы Айдана Меденованың өнерден кетіп, дінге бет бұрғанын қолдамайтынын “Жұлдызды шаңырақ” бағдарламасында айтып берді. 

Фото: Бағдарламадан скриншот

Әнші өнер мен дінді қатар алып жүруге болады деген пікірін өзгертпейтінін жасырмады. 

“Менен көп адам сұрайды. Айдананы халық іздейді екен. Негізі, мен мұндайға қарсымын. Әр адам өзі біледі ғой, сол секілді Айдана да өзі біледі. Бірақ түбі әнге қайта келетін сияқты. Дінде "ән айтуға рұқсат жоқ" деп айтпаған шығар, білмеймін. Өз басым өнерден безетіндей жамандық көрмедім. Орамалын шешпей-ақ әнін айтып жүре беруге болады. Ондайды көріп те жүрміз ғой, апайларымыз әнін айтып жүр, намазын да оқиды. Ешқандай жамандық жасап жатқан жоқ. Ал мен дінді де, өнерді де тастамаса деймін. Әннің оған қандай жамандық әкелетінін түсінбеймін, өзі шешті ғой. Айдана – өте дарынды қыз, білесіздер ғой. Бала кезінен қаншама байқауға қатысып, әннің майын тамызып келе жатқан қыз еді. Менің анам да сондай болатын. Айдана сол кісіге тартқан. Істеу керек пе? Істейді. Жеңу керек пе? Жеңеді. Бітті. Халық оны сағынады деп ойлаймын, арасында ән айтса, түк етпейді", – деп өкінішін білдірді әнші.  



Айта кетейік, Айдана Меденова оқырмандарының сұрақтарына жауап беріп, өнерге енді қайтып келмейтінін ескерткен еді. 

“Ән айтуды тастадым. Өмір бойы ғашық болған ісім менің көңілімді қалдырды. Исламды тани бастаған сайын, Алланың сөздерін оқыған сайын көп нәрсеге басқаша қарай бастаймыз. Біз жай өмірде көп дүниеге мән бермейміз, байқамаймыз. Бірақ бізді Алладан алыстататын заттардан ақырындап бас тартуымыз керек. Бір жүректе Құран мен музыка өмір сүре алмайды", – деп осы уақытқа дейін жаздырған әндерінің бәрін өшіріп тастайтынын мәлімдеген еді экс әнші. 

Еске салайық, Айдана Меденова марқұм ата-анасын еске алып, көз жасын тыя алмағанын жазған едік.

Талқылау