Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шегіртке" деген сөзді естіген кезде қатты қынжылдым: "Азия" тобының мүшесі әншілерді келеке қылған кәсіпкерге жауап берді

Таяуда әншілер қауымына «шегіртке» айдарын таққан Ахметбек Нұрсиланың сөзі отандық орындаушылардың шамына тиген секілді. Әртістерді жәндікке теңеген кәсіпкердің әрекетіне ашуланғандардың бірі – «Азия» тобының жігіттері. Аталған ұжымның айтуынша, ол азаматтың бұл пікірі – өнерге деген құрметсіздік, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

 
«Мен осы «шегіртке» деген сөзді естіген кезде қатты қынжылдым. Сауатты, ақылды адамдар ондай айдар тақпайды. Ал көргені аз, сәл көргенсіздеу қауым ертең бізге «Ей, шегіртке?!» - деп айтуына жақсы болды. Ахметбек ағамыздың «бүкіл эстрада әншілері шегіртке» деп айтқанына келіспеймін. Демек бұл әншілікке салғырт және жеңіл қарағандығы ғой. «Біреуді сынау үшін соның аяқ киімін киіп, өткен жолымен жүр. Содан кейін сына» деген жақсы бір сөз бар. Бұл кісі бір әншіге деген пікірін бүкіл әншіге таңып тастады да. Сонда Роза Бағланова, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Жеңіс Сейдоллаұлы сынды эстрада әншілері шегіртке ме? Барлығына күйе жағып тұр. Сондықтан әншілер қауымына күйе жаққанша,  одан да жоғарыдағы жемқорларды айтсын. Оларды айта алмайды. Тек қана үндемейтін әншілерге тиісе береді. Біз ұрда-жық халық емеспіз. Біз өте сыпайы, мәдениетті халықпыз. Сондықтан біздің әлсіз тұсымызды біледі де, бұққанға сұға береді. Ол кісімен кезіксем, тура бетіне айтар едім», - дейді «Азия» тобының әншісі Ербол Шәріпов. 

Жұлдыздарға жаппай күйе жаққан кәсіпкердің пікірімен Роза Рымбаеваның отбасы да келісе қоймайды. Мәселен, Әли Оқапов «шегірткелер» санатындағы танымал әншілердің тізімінде өзінің жоқтығына сенімді.     

«Негізі мен жайлы айтылған сөз емес сияқты. Әр адам өзіне жауап беру керек. Сондықтан көңіліме де алған жоқпын. Шынымды айтсам, мен сондай дау, ток-шоуларды ұнайтпаймын да, қарамаймын да. Негізі «шегіртке» деген сөздің де бірнеше мағынасы бар шығар. Тіпті, жақсы жағынан да бір нәрсені білдіретін шығар. Шегіртке де тірі жан ғой. Әншілерді не деп атамады? Бұл бірінші әрі соңғы да емес», - дейді Әли Оқапов. 

Шоу-бизнес өкілдерін шулатқан «шегіртке» сөзі Арман Дүйсеннің де құлағына жетіпті. Сынға еті үйренген сазгердің пайымдауынша, Ахметбек Нұрсиланың сөзі – нағыз мәдениетсіздіктің белгісі. 

«Әрине, үнемі ел назарында жүргеннен кейін, кез-келген соққы бірінші бізге тиетіні – қалыптасқан қағида. Оған таңғалмаймын. Ал қандастарымыздың бәзбірінің мәдениетсіздігін, бейәдеп сөздерін үндемей ғана қабылдаймын. Бәрібір өз қазағымыз ғой. Қайтеміз енді, аман болсын. «Қой ақсақ-тоқсағымен мың болады...» - демеуші ме еді? Яғни, біздің «фронтта» әлі жұмыс көп деген сөз. Жалпы «жоқты – жоқ» деп айтуды шебер меңгерген, ал «барды – бар» деп айта алмайтын «іші тар» мынау заманда, көп нәрсеге таңғалуды қойдық. Менің қайта-қайта қайталап елге айтарым: ұлы Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос...» және  «Алтауы ала болса...» деген сынды даналықты өмірлік ұстаным етпейінше, көсегеміздің көгеруі екіталай», – дейді Арман Дүйсенов.

 

Талқылау