Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шатырлар су бетінде қалқып жүр": Жұлдыз Әбдікәрімова Қызылжар өңіріне барды

Отандық киножұлдыз, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова су тасқынынан қатты зардап шегіп жатқан Қызылжар өңіріне барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Өнер иесінің жеке парақшасынан алынды

Өнер иесі халықтың қазіргі жай-күйі мен аймақтағы ахуалды баяндап берді. 

“Кеше Қызылжарға барып қайттым. Қала маңындағы су басқан елдімекендер мен аудардарды көзіммен көрдім. Су бетінде қылтиып шатыры ғана тұрған үйін алыстан бақылаған адамдардың күйін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тәулік бойы екі маусымда қызмет жасап жүрген әскерилер мен тұрғындардан мән-жайды сұрадым. Мұндағылар судың қайта көтерілу қаупі бар деп алаңдап отыр”, – деді актриса. 



Сонымен қатар қауіптің алдын алу үшін қандай іс-шара ұйымдастырылып жатқанын да көрсетті. 

“Дәл осы бекеттерге 300 әскер жұмылдырылған екен. Төтенше жағдай мамандары әскерилер, жергілікті тұрғындар “жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп, бірлесе күресіп жатыр. Алдын ала хабарласқанымда, мемлекет және әкімшілік тарапынан керек-жарақтың барлығымен қамтамасыз етілгендерін айтты. Алайда, қол ұшын беремін деген ниетіңіз болса, су өткізбейтін етіктер, жауыннан қорғайтын жамылғылар, басқа да аса қажетті ұсақ-түйек заттар артық болмайды. Топан судың беті тезірек қайтып, қауіп-қатерден аман шықсақ екен деп тіледім”, – деп жазды киножұлдыз. 

Еске салайық, Төтенше жағдайлар департаменті Петропавлға шамамен 2,5 млрд текше метр су келетінін ескертті. 

Бұған дейін бірінші вице-премьер Роман Скляр СҚО-дағы Заречный кентінің тұрғындарын шұғыл эвакуациялауды тапсырғанын хабарлаған едік. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар су басу қаупі бар аймақтардан тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр.

Талқылау