Шашымды ай туғанда кесемін: Жәния Джуринская сұлулығының құпиясын ашты
Танымал актриса Жәния Джуринская сұлулығының құпиясымен бөлісті. Ол тері күтіміне қандай заттар қолданатынын айтып, шашы тез өсу үшін қандай амал-айлаға баратынын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Мен сасық иісті, қарамайлы сабынмен жуынамын. Себебі басқа заттардан бетіме безеу, неше түрлі жаралар шығып кетеді. Бұл сабын небәрі 150 теңге тұрады, бірақ теріні расымен де жібекке айналдырады.
Жеңіл әрі табиғи көрінетін шаш үлгілерін ұнатамын. Шаштың қатты бұйра болғаны ұнамайды, тек аздап толқынды болғанын ұнатамын. Сондықтан да барар жеріме бір күн қалғанда бұйралаймын. Қасымдағы перманентті макияждің түсі – шоколад, қара түс кәрі көрсетеді. Шашымның түсі де – қара емес, талшын түстес. Аяғым ұзын әрі жіңішке болып көріну үшін ұзына бойына хайлайтермен жүргізіп шығамын”, – дейді Жәния.
Бұдан өзге, Джуринская қарапайым боянғанды ұнататынын айтты. Депиляция жасау үшін тек қана қант пастасын қолданатынын жасырмады. Сондай-ақ, ай жаңадан өсіп келе жатқан кезде ғана шаш кестіретінін айтты.
“Сонда шашым өте тез өседі. Өткен жылы иығымнан келетін шаш биыл беліме жетіп қалды”, – дейді Жәния.
Сондай-ақ, Жәния сұлу көріну үшін үнемі күлімдеп жүру керектігін атап өтті.