Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шал, кел, біз асығыстық жасаппыз": Қазақстандық депутат әлеуметтік желіде бұрынғы билікті аңсағандарды сынады

Бірмандатты округ бойынша сайланған мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи премьер-министр Олжас Бектеновке, Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады. Мұнда депутат су тасқынын сылтауратып жаңа билікті желі арқылы жамандап, ескі билік тұсын мақтағандарды сынады. Айтуынша бұл жемқорлардың өз артын жауып, “шал кел біз асығыстық жасаппыз” деп, халықтың ойын бұру үшін жасалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото ҚР парламент мәжілісінің ресми парақшасынан скринделген

Депутат кейінгі күндері еліміздегі су тасқынына байланысты әлеуметтік желілерде негізі жоқ жалған ақпаратты сынады. Айтуынша табиғи апатты өз пайдаларына асыруға тырысып жүргендер көп.

“Иә, болған апатты жағдайдың ушығып кетуіне себеп болған жергілікті биліктің қамсыздығы мен дәрменсіздігіне қатысты сын айтылуы керек. Бірақ сын – шын болуға тиіс және ол сын билік пен қоғамдағы қателерді түзеуге сеп болғаны жөн. Ол сын қоғамға лаң салып, іріткі тудырмауға тиіс.

Дегенмен көзіқарақты адамға бұл ақпараттық өрттің бір пұшпағын "Ескі Қазақстанның" өкілдері үрлеп жүргені байқалады. Олардың мақсаты айқын – елдегі ереуіл жағдайды еселеп, өшпенділікті өршіту және сол арқылы қоғамда тұрақсыздық тудыру”, – деді Бапи.

Депутат мұнымен ескі биліктің адамдары өздерінің жемқорлық әрекеттерін ақтап, жаңа билікке күйе жағу арқылы бұрынғы басқаруды қайтарғысы келетінін алға тартты. Осы тұста Ермұрат Бапи болып жатқан су тасқыны 30 жыл бойы талан-таражға түсуінің, апаттың алдын алуға және су қоймаларына арналған бөгеттер мен арналардың салынбауының, өзендер мен арықтар арнасының кеңейтілмеуінің салдары екенін түсіндірді.

“Тиісті гидрогеологиялық ғылымды құртып, су шаруашылығы саласын таратып жіберудің зардабы. Қазіргі қолданыстағы су қоймалары мен бөгеттер өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Елде кейінгі 30 жылда бір де бір жаңа су қоймасы салынбаған. Міне, қазір соның зардабын тартып жатырмыз”, – деп қосты ол.



Осы тұста депутат халықтың қазынасы есебінен байыған ескі жүйенің тасада отырған жемқорлары қазір жаңа билікті кінәлі еткісі келетінін қоса кетті.

“Енді міне, елдегі апатты жағдайды пайдаланып, "ескі Қазақстанның" өзеуреген өкілдері ақпараттық майданның отына май құя бастады. "Шал, кет!" деген ескі ұранды жаңғыртып, "шал, кел, біз асығыстық жасаппыз" деген далбасаны жалаулатып, ескіні аңсаудың амалымен ағайын арасын арандатқысы келеді. Кімнің – кім екенін, "ескі" мен "жаңаның" айырмасын халық жақсы білуге тиіс. "Ескінің" есесін іздегендер TikTok желісіне салып, әлеуметтік желілер мен WhatApp сегментінде тарап жатқан "Тоқаевтың кезінде халық кедейленіп кетті" деген технологиялық пропагандаға қарсы көптеген дерек келтіруге болады”, – деді депутат.

Ермұрат Бапи абырой-атағы бар қоғам белсенділерін "ескі Қазақстан" өз бауырына басып, оларды "Жаңа Қазақстанға" қарсы айдап салу үшін белгісіз бір қорлардың атынан түсініксіз гранттар беріп жатқанын жеткізді. Айтуынша қоғамдық пікір лидерлерін сатып алып жатыр.

“Біз бүгінгі қол жеткен қоғамдық-саяси құндылықтарды неге қадірлей алмай жүрміз? Дегенмен қалай десек те, реваншистік күштердің дегені болмайды. Өйткені қазақ әрдайым бірлік пен берекені бірінші орынға қояды. Қиын-қыстау сәтте бар қазақ бір қазақ болып, бір тудың астынан табылады. Мұны қазіргі жағдай көрсетіп отыр. Сондықтан ел үкіметіне, Бас прокуратураға ақпараттық кеңістігімізге тұрақты мониторинг жасап, елдің бірлігіне сына қағатын, арандатушылық сипаты бар, заңға қайшы, негізі жоқ фейк ақпараттарды таратудың алдын алу шараларын қолға алуды ұсынамын”, – деп қорытты ол. 

Еске салсақ, Назарбаев қоры қазіргі билікті қаралау науқанын ұйымдастырғанын жоққа шығарған еді.

Талқылау