Шаханов: Қанша елде болдым, дәл Мұқағалидің туған жеріндей дархан ауылды көрген емеспін
Мұхтар Шаханов Аман Тасығанның Talk like бағдарламасында қонақта болып, соңғы кезде ел талқысына түскен пікірі жайында түсіндіріп берді.
Ақын Мұхтар Шаханов Мұқағали Мақатаевқа қатысты әңгіменің неден басталғанын айтты.
Бұған дейін ақын Мұқағали Мақатаевты Жұқағали Бұқатаев деп атағаны үшін, сонымен қатар “Біз тіл үшін күресіп жүргенде Мұқағалидің арақ ішуден қолы босамайтын” деген пікірі үшін сынға қалған еді.
“Мұқағалидің көзі тірісінде жас ақындарды жинап алып, өлеңдерін талқылап жатқан едік. Мұхаң кіріп келді де, олардың әрқайсысынан 1 сомнан ақша жинап беруін талап етті. Бәріміз жинап бердік. Соңында 2 сом жетпейді екен. Оны мен қостым да айттым: Мұқа, сізді ел Мұқағали ақын деп құрметтейді. Бірақ бүгін жас ақындардың көзінше жұқалық көрсеткеніңіз үшін бұдан былай сізді Жұқағали Бұқатаев деп атаймын деп әзілдедім. Бұны ақынның өзіне айттым. Ол әзіл ретінде қабылдады”, – дейді Шаханов.
Шаханов Мұқағалидің биік ақын болып қала беретінін айта келе, оның жерлестерінің жомарттығына, дархандығына таңғалғанын жасырмады.
“Қайбір жылы Мұқағалидің мерейтойына байланысты туған жеріне кездесуге бардық. Әр өңірден 700-дей адам жиналыпты. Қонақүйде 30-40 шақты ғана орын бар екен. Сонда ауыл тұрғындары сол 700 адамды бөліп, үйді-үйіне қонақ етті. Мұқағали ақын үшін зор құрмет көрсетті. Біз де бір үйге түстік. Ол үйдің жалғыз қойы бар екен. Соны сойып берді. Барлық ауыл адамдар қонақтарды осылай күткен. Қанша елді, жерді аралап жүріп дәл Мұқағалидің ауылындай дархан ауылды, жомарт жандарды көрген емеспін. Кейін осы ойымды өлеңге арқау еттім”, – дейді Шаханов.