Сергек камераларындағы деректер Қытайға жіберіледі: Компания түсіндірді
Әлеуметтік желіде "Сергек" камералары қазақстандықтар туралы деректерді Қытайға жіберіп отыратыны туралы жазба пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі stopfake.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Сергек камераларын өндіруші компания бұл ақпартты жоққа шығарды.
Сергек камераларының Қытайда жасалғаны, сондықтан қазақстандықтар туралы деректердің Қытайға жіберіліп отыратыны туралы ақпарат әлеуметтік желіде 2019 жылдан бері талқыланып келеді.
Сергек камераларының бағдарламалық қамтамасыз ету мен жұмыс алгоритмдерін толығымен қазақстандық IT мамандары жасаған. Бұл бағдарламалық жасақтаманы әзірлеушілер – Korkem Telecom компаниясының қызметкерлері.
Sergek Group баспасөз қызметі де Сергек камералары жинаған деректер басқа елдерге берілмейтінін түсіндірді.
"Сергек қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің камераларынан алынған деректер 30 күн бойы сақталады. Жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері – мерзімсіз және тек қазақстандық серверлерде. Құқық қорғау органдары деректерге қол жеткізе алады. Сергек камераларынан алынған деректерді шетелдегі үшінші тұлғаларға беру мүмкін емес", – делінген хабарламада.