Семейдегі жылу қазандықтарын жөндеу кезінде 67 миллион теңге жымқырылғаны анықталды
Қаржы мониторингі агенттігі Абай облысы бойынша департаментінің қызметкерлері Семей қаласындағы 3 қазандыққа 67 миллион теңге шығын келтірілгенін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бюджет қаражаты 2022 жылы қала қазандықтарын жөндеуге бөлінген. Алайда 1934 жылы пайдалануға берілген жылу орталығы тозып, әлі күнге дейін қалаға қыс мезгілінде жылу энергиясын дұрыс жеткізе алмайды.
Мамандардың айтуынша, жылыту маусымы барысында жылу берудегі ауытқулар орташа есеппен тәулігіне 3 рет тіркеледі. Жалпы қалада 1 ЖЭО, 17 қазандық және 72 жылыту пункті жұмыс істейді. Жылу берудегі дәл осындай мәселелер Аягөз және Курчатов қалаларында да тіркелді. Мұнда жылу желілерінің тозуы сәйкесінше 53% және 35%.
"Құрылған арнайы комиссия құрамына энергетика және ТКШ басқармасы, ІМАД, ЭМ Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің департаменті, тұрғын үй инспекциясының мамандары кірді. Заңсыз иемдену немесе жымқыру, яғни басқа біреудің мүлкін ұрлау деген күдік бойынша мердігер компанияның директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Қылмыстық іс шеңберінде жылумен жабдықтаудың 14 объектісін тексеру басталды, оларға аталған компания 1,2 млрд теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сотқа дейінгі тергеу тіркеліп, тергеу әрекеттері жүргізілген соң мердігер Шульбинск кентінде құны 32 млн теңге болатын қазандықтың экономайзерін ауыстырып, іске қосты. Былтыр ол пайдаланылған құрылғыны жаңа құрылғы ретінде орнатқан", – делінген хабарламада.
Нәтижесінде 1,3 мыңнан астам жылумен қамтылуға тиіс абоненттің құқықтары қорғалды. Қабылданған шаралар нәтижесінде жылу жүйесіне 8 бюджеттік ұйым, 4 әлеуметтік нысан, 24 коммуналдық кәсіпорын қосылды. Осылайша, қала маңындағы тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ету объектілері, жылумен қамтамасыз етуге байланысты қауіпті жағдайдың алдын алды. Тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.