Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде зауыттағы жарылыс кезінде жұмысшылар өмірін сақтау үшін терезеден секіріп кеткен: Кәсіпорын иесінің кінәсі дәлелденді

Семей шифер зауытында төтенше оқиға болып, өз өмірін сақтап қалу үшін зауыт жұмысшылары терезеден секіріп кеткен. Бес адам дене жарақаттарын алды. Бүгінде үшеуінің жағдайы ауыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

Айта кетейік, 2024 жылы 7 наурызда Семей шифер зауытында ыстық су құбыры жарылған. Зауыттың екінші қабатындағы душ бөлмесінде апат болып, ондағы 5 адам жуынып жатқан. Қайнап тұрған су жарылып, ғимарат іші будан көрінбей кеткен. Олар қайнап жатқан суға күйіп қалғанша терезеден секіруден басқа амал таппаған. Ыстық буға тұншыққан жұмысшылар ойланбастан киім-кешексіз терезеден секіреміз деп шешім қабылдайды.

Еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Тоқтарбек Түсіпбаев бақылау басқармасынан бұйрық шығып, комиссия тағайындалатынын айтқан еді.

Осылайша, комиссия мүшелері бір ай өткеннен кейін кәсіпорын иесінің қауіпсіздік шараларын сақтамағаны үшін айыптады. Бүгінде акт тағайындалып, зардап шеккен адамдарға ақша төленетін болды.

Зауыт жұмысшыларының айтуынша, бұған дейін олар басшылыққа ыстық су құбырының дұрыс жұмыс істемейтіні туралы бірнеше рет хабарлаған. Алайда жағдай шешімін таппаған.

"Тергеу аяқталғаннан кейін материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. 100% жұмыс берушінің кінәсі. Жұмысшылардың кінәсі жоқ. Енді жұмысшылар жұмысқа шыққанға дейін немесе жұмысынан айырылғанға дейін 100% жалақы алады", – деді Тоқтарбек Түсіпбаев.

Еске салайық, бұған дейін зауыт қызметкерлері алған жарақаттары үшін өтемақы талап еткен еді. 

Талқылау