Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сәуірде елімізге 2,5 млн-ға жуық доза вакцина жеткізіледі 

Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жалғасуда. Сәуір айында шамамен 2,5 млн доза вакцина жеткізіледі деп жоспарлануда. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация жалғасуда. Бүгінде бірінші компонентпен 131 170 адам егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен егу басталды, 32 482 адам егілді, жағымсыз реакция тіркелген жоқ. Өңірлерге КВИ-ге қарсы вакцинаның 150 мың дозасы жеткізілуде. Бұдан басқа, сәуірде түрлі өндірушілерден қосымша 2,5 млн. доза вакцина жеткізу жоспарланып отыр", - деді Цой ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның сөзінше, вакцинаның бұл көлемі КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және вакцинацияланғысы келетін адамдарға оның қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді.

"Халықты КВИ-ге қарсы профилактикалық егулермен қамтуды ұлғайту мақсатында «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирус инфекциясы ауруларының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 27 қаңтардағы № 3 қаулысына бірқатар өзгерістер енгізілді. Осылайша, КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және оларды вакцинациялаудың басымдылығын халықтың түрлі топтарының эпидемиологиялық маңыздылығын ескере отырып, КВИ ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайға және КВИ-ге қарсы вакциналар көлемінің жеткізілуіне байланысты жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері қайта қарауы мүмкін", - дейді ол. 

Сондай-ақ, министр вакцинация вирустың таралуын азайтудың жалғыз жолы екенін еске салды. Осыған байланысты қарсы көрсеткіштер болмаса  қазақстандықтарды екпе салдыруға шақырды. 

Бұған дейін Алексей Цой Қазақстанда коронавирустың "британиялық", "оңтүстікафрикалық" және "бразилиялық" штаммына тән мутация анықталғаны туралы мәлім етті. 

 

Талқылау