Шерзаттың соты, Берденовке шабуыл, құн салығының мөлшері: Сәуір айы қазақстандықтар үшін несімен есте қалды
Қазақстандықтар үшін сәуір айы қоғамды дүрліктірген 16 жасар Шерзат Полат ісінің сот отырыстарымен есте қалды. Сонымен қатар бұл айда Шымкент әкімі орынбасары болып тағайындалғанына көп болмаған Руслан Берденовке қастандық жасалды. Ал айдың соңында еліміздегі қосылған құн салығы 16% болып белгіленді. Осы және өзге де оқиғаларды Stan.kz шолып шықты.
Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында тіл мәселесін қозғап, алауыздық туғызғысы келетіндер жазаланады деп ескертті
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Қасым-Жомарт кезекті сессияда сөйлеген сөзінде тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетіндер жазаланатынын айтты.
“Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды "мына тілде сөйле" деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады”, – деді президент.
Бұл ретте ол “үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушыларды да” меңзеп отырғанын айтты.
Сонымен қатар ол кейбір құқық қорғау ұйымдары өкілдері, блогерлер мен журналистер арандатумен айналысып жүргенін атап өтті.
"Күріш пен күрмекті, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен жиіркенішті қорлауды айыра білу маңызды. Заң алдында бәрі тең. Сол себепті біз еліміздегі этносаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген арандатудың жолын кесіп келеміз, бұдан әрі де қатаң тосқауыл қоямыз. Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл – Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті”, – деп мәлімдеді президент.
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды
21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында Руслан Берденовті атып кетті. Шамамен сағат 20:30 шамасында Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының маңында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалды. Нәтижесінде ол жамбас және иық тұсынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Күдікті ұсталды.
Кейін БАҚ беттерінде оны оққа ұшырған "Тұрғын үй Шымкент"ЖШС басшысы Ернар Жиенбай екені айтылды. Ол – 1994 жылы туған азамат. Полиция Жиенбайды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал Берденовке оң жамбасы мен иығына оқ тиген. Күдікті оған үш рет оқ атып үлгерген. Мұны Берденовтің қызметтік көлігінің жүргізушісі байқап, тез арада газды басып, күдіктіні көлігімен қаққан. Осы жағдайдан соң әкім орынбасарына шұғыл ота жасалып, қазір жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.
Тағы бір мәлімет бойынша, күдікті Ернар Жиенбай 10 күн бұрын өткен кездесуден кейін Берденовті ұнатпай қалған. Жиында Жиенбай бастықтарға дөрекі сөйлеген. Нәтижесінде әкімнің орынбасары сөгіс жариялап, жиналыстан шығуын өтінген. Сосын Берденов "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС жұмысын тексеріп, серіктестік директорын қызметінен босату туралы бұйрық берген. Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше,осы жағдайдан соң күдікті кек алуды ұйғарған. Ол өзімен бірге 10 оқ алып шығып, кісі өлтіруді жоспарлаған болуы мүмкін дейді журналист. Тағы бір дерек бойынша, бұл іске Берденовтың Жиенбайдың әйеліне “қырындауы” себеп болған. Бірақ кейін бұл нұсқаны әкімдік жоққа шығарды.
Кейіннен қастандық жасады деген күдікпен ұсталған Ернар Жиенбайдың әкесі Жиенбай Пралиев ресми мәлімдеме жасап, бұл іске келінін араластырмауды сұрады. Сондай-ақ ол өз отбасының атынан Руслан Берденовке қолдау білдірді. Ернар Жиенбайдың әкесі тергеу мен сот әділ түрде істің барлық мән-жайын анықтайтынына сенім білдірді.
Руслан Берденов. Фото: parlam.kz
Шерзат ісі бойынша сот отырыстары басталды
10 cәуірде 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы басталды. Отырыстар Талдықорған қаласында өтіп жатыр. Бұл істе 9 айыпталушы бар. Сотталушы мінберінде отырғандардың төртеуі бұрын сотталған екен.
Соттылығы барлар:
- Сакиев Равиль, 1998 жылы туған, бұған дейін мейрамханада администратор болып жұмыс істеген. 2021 жылы Қылмыстық кодекстің 381-бабы "Билік өкілінің заңды талабына бағынбау) бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Қазір соттылығы жойылды.
- Белғожаев Шыңғыс, 2000 жылы туған, білімі жоғары, бұрын спорт мектебінде әдіскер қызметін атқарған. 2015 жылы Қылмыстық кодекстің 106-бабы "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша сотталған. Соттылығы жойылды.
- Ильясов Нұрқияс, 1998 жылы туған, уақытша жұмыссыз. 2023 жылы 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Ол жазасын әлі өтеген жоқ.
- Тоқтаубаев Азамат үйленген. Ол 2024 жылдың 17 қазанында кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу жазасын алды.
Соттылығы жоқ айыпталушылар:
- Әскентай Дархан, 1999 жылы туған, уақытша жұмыссыз. Оның ата-анасы жоқ, үш әпкесімен бірге өскен. 2017 жылы оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, кейін сотқа дейінгі тергеу сатысында жабылған.
- Шынасыл Абзал, 2000 жылғы. Уақытша жұмыссыз.
- Тоқтаубаев Нұрбол, 1996 жылы туған, Шығыс Қазақстан облысынан. Арнайы техника операторы болып жұмыс істейді, үйленген.
- Дидар Қалиахмет, 1998 жылы туған, Талғар қаласының тумасы. Үйленген, кәмелетке толмаған екі баланың әкесі. Жүргізуші болып жұмыс істеген.
- Ысқақ Думан Қайдарұлы, 2007 жылы туған, Тұрар Рұсқұлов ауылындағы №16 мектептің 11-сынып оқушысы.
Күдіктілердің көбі сотта кінәсін мойындамады.
Алғашқы сот отырыстарында марқұм Шерзаттың отбасы мен жақындары куәгерлік етті. Кейін істе куәгер болған азаматтар, оның ішінде сол күні оқиға орнына барғандар жауап берді. Бүгінге дейін белгілі болғаны, сотта екі куәгер қыздың бірі жауап беріп, жедел жәрдемді шақыруға қорыққанын айтты. Ол шок күйіне сілтеме жасап, кейбір сұрақтарға жауап бермегендіктен жәбірленуші тарап оны ұзақ уақыт бойы тергеді. Адвокаттар да оның жауабында сәйкессіздіктер бар екенін айтты. Сондай-ақ олар Нұрбекованың Шерзат Полатты өлтіру ісіне қатысы болуы мүмкін екенін де атап өтті.
"Егер ол оқиға орнында өз еркімен болып, барлық жағдайды көре тұра көмек шақырмаған болса, біздің ойымызша, оның бұл оқиғаға қатысы бар", — деді адвокат Мейірман Шекеев.
Айта кетсек, 9 айыпталушының тек екеуіне Шерзат Болатты өлтірді деген күдік тағылған.
Абзал Шынасыл – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі “Бұзақылық”, 99-бабы 2-бөлігі 4-5-тармағы “Аса қатігездікпен қасақана адам өлтіру”, 24-баптың 3-бөлігі “Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу”;
Равиль Сакиев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі “Бұзақылық”, 99-бабы 2-бөлігі 7-9-тармағы “Аса қатігездікпен қасақана адам өлтіру”;
Белқожаев Шыңғыс, Аскентай Дархан, Ілиясов Нұрқияс, Тоқтаубаев Нұрбол, Ғалиахмет Дидар, Тоқтаубаев Азамат – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі “Бұзақылық”;
Ысқақ Думан – Қылмыстық кодекстің 434-бабы “Қылмыс туралы хабарламау”.
Сот отырыстары әлі де жалғасады.
Темірлан Еңсебектің соты болып, оның бас бостандығы 5 жыл шектелді
Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебек бес жылға шартты түрде сотталды. Айта кетейік, белсенді 17 қаңтарда ұсталған еді. Оған қылмыстық кодекстің "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру" бабы бойынша іс қозғалған.
Кейін полиция департаменті Темірлан Еңсебекті “ұлтаралық алауыздықты қоздыратын айқын белгілері бар материалды орналастырғаны” үшін ұстағанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының дерегінше, қазір Еңсебек Instagram парақшасында жариялаған “Йоу, орыстар” әнінің авторы іздестіріліп жатқан көрінеді.
11 сәуір күні Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі аяқталды. Сот Темірлан Еңсебектің бес жылға бас бостандығын шектеп, қоғамдық қызметпен айналысуға, оның ішінде журналист ретінде жұмыс істеуге, митингтерге қатысуға, сұхбат беруге тыйым салу туралы үкім шығарды.
Актер Шәріп Серік қоғам тарапынан “кэнсілге” ұшырады
“Шакенти” лақап атымен танымал актер бұрынғы сүйіктісіне қол жұмсаған. Бұл туралы Шәріп Серіктің бұрынғы сүйіктісі Әлия Бутеева мәлімдеп, “фотолар мен видеоларды жарияламасам, өзімді сатып жібергендей боламын” деді. Сөзінше, ол мұны жариялау арқылы қызға қол көтеру қалыпты нәрсе емес екенін түсіндіргісі келеді. Жазбасына қарасақ, Бутеева арыз жазбаған. Шәріп Серіктің бұрынғы жары Say Mo да қызға қолдау білдірді.
Осы ақпаратты Қазақстан қоғамы сезімталдықпен қабылдады. Біразы әлеуметтік желіде актерге кәнсіл жасап, оны әйелді ұрған деп айыптады. Тіпті осы жайттан соң Salem Entertainment компаниясы актерді “қара тізімге” енгізіп, онымен ынтымақтастықты тоқтататынын, “Шакал” сериалы мен “Qarga” сериалының үшінші маусымы ресми түрде жабылғанын мәлімдеді. Актер Meow сериалының екінші маусымында басты рөлдердің бірін сомдауға тиіс болған, алайда ол жобадан алып тасталды.
Сол күні-ақ актер халықтан кешірім сұрап, видеоүндеу жариялады. Дегенмен актер тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін емес, балағаттағаны үшін сотталған. Мұны журналист Ильяс Канбай хабарлады
"Үкімнің мән-жайымен таныстым. Былай жазылған: "С бірге тұрып жатқан Б-мен жанжал кезінде балағат сөздер айтқан. Оған әкімшілік баптың бірінші бөлігі "Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас кезіндегі теріс әрекеттер" бойынша айып тағылған. Бұл шапалаққа немесе жұлқылауға қатысты емес, тек кемсіту, төмендету және мүлікті бүлдіру туралы. Ол бойынша ең жоғарғы жаза 5 тәулік", – деп жазды ол.
Кейіннен блогер Әлішер Елікбаев актер Серік Шәріптен болған оқиғаға қатысты ұзақ сұхбат алып, әлеуметтік желіде сынның астында қалды. Cұхбатта Шакенти сол күні не болғанын, барлық контрактілерінен айырылған соң қандай күйде болғанын айтып берген.
Бұл сұхбат желі қолданушылары арасында әртүрлі реакция туғызды. Threads желісінде Елікбаевқа қатысты сын пікірлер қарша жауды. Оған жазылудан бас тартып жатқандар саны көп.
Дженифер Лопестің Астанадағы концертіне билет аларда ақау болды
Сәуірдің басында әлем жұлдызы Дженнифер Лопестің әлем елдеріндегі Up All Night турнесінің мерзімі жарияланды. Ол тізімде Қазақстанның Астанасы да болды. Әнші 1 тамызда Астанада концерт қоймақ.
Астанада өтетін осы концертке 11 сәуір күні билеттер сатыла бастады. Бірақ Алайда сағат 11:00 болмай, сайт істемей қалды.
Кейіннен Ticketon.kz сервисінің негізін қалаушы Алексей Ли Threads-тағы парақшасында ақаудың себебін түсіндірді. Ол әншінің жанкүйерлерінен кешірім сұрап, қолайсыздықтың орнын толтыратынына уәде етті.
“Біз Ticketon.kz инфрақұрылымын алдын ала күшейттік — серверлерді үш есе арттырдық. Бұңан дейін ең жоғары сұранысқа ие болған концертті ескердік. Мысалы, Корждың концертіне 13 500 билет 1,5 сағатта сатылған елі. Алайда бұл жолы концертке қызығушылық білдіргендердің ауқымын дұрыс есептемеппіз. Сайт істен шыққанда техникалық команда жедел түрде Cloudflare компаниясының жүктемені басқару бойынша электронды кезегін енгізді. Бірақ бұл шешім шұғыл қабылданғандықтан, кейбір маңызды техникалық ерекшеліктер ескерілмей қалды. Соның салдарынан көптеген тапсырыстар брондалып, билеттердің қайталанып сатылу қаупі пайда болды. Мұны байқаған сәтте сатылымды бірден тоқтаттық. Түні бойы тапсырыстарды қолмен тексеріп, қайталанғандарын алып тастадық. Алыпсатарларды анықтап, әр клиентке жеке шешім іздедік”, – деп ақталды Алексей Ли.
Сатып алушылар тарапынан ешқандай наразылық болмас үшін Ticketon.kz сервисінің басшысы мына екі нұсқа бойынша әрекет етеміз деді:
- Ticketon.kz өз есебінен көп сатып алушылардың билеттер класын жаңартады;
- Баға сегментінде жеңілдік жасаған адамдарға билет құны толық қайтарылады. Шамамен екі жүз адам концертке тегін кіре алады.
Айта кетейік, "Астана Концерт" компаниясының продюсері Малик Хасенов үкімет отырысында америкалық әнші әрі актриса Дженнифер Лопестің концертіне 15 мың турист келіп, қазынаға 400 миллион теңгеден аса салық түсетінін айтты.
Қосылған құн салығының жаңа мөлшерлемесі белгіленді
30 сәуірде мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексін және оған ілеспе салық салу мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Депутаттық корпус пен Министрлер Кабинетiнiң бiрлескен жұмысының нәтижесiнде Қосылған құн салығы реформасы бойынша бiрқатар шешiмдер қабылданды.
Мәжіліс мәліметінше, үкімет алғашында ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша міндетті тіркеудің шекті мөлшері 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге Қосылған құн салығы төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі. Ол 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% болады.
“Одан әрі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, жетім және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер Қосылған құн салығынан босатылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдар, баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтері Қосылған құн салығын төлеуден босатылады деп жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында есепке жатқызуға Қосылған құн салығы сомасы 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды”, – делінген хабарламада.
Оңайлатылған декларацияны реформалау шеңберінде рұқсат беру тізімінің орнына қызмет түрлерінің тыйым салатын тізімі енгізілді. Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді. Сонымен қатар ойын бизнесі мен банктер үшін Қосылған құн салығы мөлшерлемесі 25%-ға дейін өсірілді. Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілеріне несие беруден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20% қалпында сақталады.
Сәуірде әлемде не болды
Түркияда жер сілкінді
23 сәуір күні Ыстамбұлда магнитудасы 6,2 балл болатын жер сілкінісі тіркелді. Түркияның төтенше жағдайдар министрлігі 16 миллионнан астам тұрғыны бар мегаполисте кейінгі жылдары болған ең күшті жер сілкіністерінің бірі болғанын атап өтті.
TGRT телеарнасының хабарлауынша, Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шара кезінде бір адам балконнан секіріп, жарақат алған. Ал америкалық геологиялық қызметі зілзаланың 10 шақырымнан аз тереңдікте орналасқанын айтты. Ал эпицентрі Ыстамбұлдан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 40 шақырым жерде, Мәрмәр теңізінде болған.
Жер сілкінісінен 236 адам зардап шекті. Жер сілкінген кезде дүрбелеңнен көптеген адам биіктен секірген. Қазір олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, барлығына медициналық көмек көрсетілді. Түркияның денсаулық сақтау министрлігі құрбандар туралы мәліметті әлі айтпады. Түркиядағы жер сілкінісі кезінде зардап шеккендердің ішінде қазақстандықтар болмады.
Танымал әнші Кэти Пэрримен бірге әйелдер борты ғарышқа ұшып келді
Джефф Безосқа тиесілі Blue Origin New Shepard зымыраны Техастағы ғарыш айлағынан ұшырылып, алты әйел ғарышқа ұшты. Безостың қалыңдығы Лорен Санчес пен тағы бес әйел – CBS жүргізуші Гейл Кинг, NASA-ның бұрынғы зымыран-ғалымы Айша Бо, азаматтық құқық қорғаушы Аманда Нгуен, продюсер Керриан Флинн және поп-әнші Кэти Перри ғарыштан келді.
New Shepard зымыраны таңғы сағат 8:30-да көтеріліп, Жер бетінен шамамен 100 шақырым биіктікте орналасқан ғарыштың мойындалған шекарасы Карман сызығына жетті. Толығымен автоматтандырылған кеме осы биіктікке тігінен көтерілді, содан кейін экипажы бар капсула бөлініп, парашюттер мен зымырандық тежегіштің көмегімен жерге түсті. Ұшу 11 минутқа созылды.
Бағдарлама аясында бүгінге дейін ғарышқа 52 адам жіберілді. Компания New Shepard-тағы бір орынның қанша тұратынын айтпады. Ұшу барысында Кэти Перри Луи Армстронгтың "Қандай ғажайып әлем" әнін айтқан екен. Перри өзімен бірге түймедақ шүлін алып кеткен. Сөйтсе оның қызының есімі Дейзи, ол түймедақ дегенді білдіреді.
Кэти Перри мен Гейл Кинг ғарыштан келген кезде тізерлеп тұрып, жерді сүйді.
Айша Бо "капсуладағы энергияны сезінгенін" және олар ғарышқа жеткенде әйелдердің бір-біріне қарап қалған сәті болғанын айтты.
Зымыран ғалымы Айша Бо Багам аралдарынан ғарышқа ұшқан тұңғыш әйел атанды.
Болашақта Blue Origin компаниясы Илон Масктың SpaceX компаниясымен тікелей бәсекелесе отырып, ғарыштық туристерді орбитаға жеткізуді жоспарлап отыр.
Фото: Blue Origin/ria.ru
Рим Папасы Франциск өмірден өтті
Рим Папасы Франциск Ватикандағы Casa Santa Marta (Әулие Марта үйі) резиденциясында 88 жасында қайтыс болды. Ақпан айының ортасында ол бронхитті емдеу үшін Римдегі Гемелли ауруханасына жатқызылған. Тексеріс нәтижесінде екіжақты пневмонияны көрсеткен. Рим Папасы бес апта бойы ауруханада жатып, төрт рет тыныс алудан қиналып, екі рет өмір мен өлім арасында болды.
26 сәуір күні Ватиканда Рим папасы Францискпен қоштасу рәсімі басталды. Қасиетті Петр базиликасының алдындағы алаңда өтіп жатқан қаралы месса аяқталған соң, Франциск өсиет еткендей, оның денесі жерлеу үшін Римдегі Санта-Мария-Маджоре базиликасына жеткізіледі. Рәсімге АҚШ, Франция, Украина, Бразилия және Аргентина президенттері бастаған 100-ден астам елдің өкілдері қатысатынын растады.
Басылымдардың бірі Дональд Трамп Ватиканға Рим папасы Францискпен қоштасу рәсіміне жұбайы Меланиямен бірге келді деп жазды. Бұл Трамптың АҚШ президенті болып сайланғаннан кейінгі Еуропаға жасаған алғашқы сапары.
Еске салайық, Рим Папасы соңғы рет 23 наурызда үйіне жіберілген. Содан кейін ол ел алдында бір-ақ рет бой көрсетті. Сәуір айының басында ол Ұлыбритания королі III Чарльзді қабылдады. Ал кейін ол АҚШ вице-президенті Дж.Д.Вэнсті қабылдаған еді.
Үндістан мен Пәкістан шекарасында атыс болды
25 сәуір күні Үндістан мен Пәкістан шекарасында атыс болды. Пәкістанның қарулы күштері Бақылау сызығын бойлай оқ жаудырды, бұған Үндістан әскерилері жауап қатты. Ал Бандипорда лаңкестер қауіпсіздік күштеріне оқ жаудырғаннан кейін қақтығыс басталды. Қарулы қақтығыстар салдарынан қанша адам зардап шеккені туралы мәлімет тараған жоқ.
Бұл оқиға Үндістан армия штабының қолбасшысы генерал Упендра Двиведи жұма күні Пахалгамдағы террорлық шабуылдан кейін Джамму мен Кашмирдегі қауіпсіздік жағдайын жан-жақты шолу үшін Сринагарға аттанған соң болып отыр. Қазір армия қолбасшысының Пахалгамға баратын-бармайтыны әзірге белгісіз. Дәл осы кезде Джамму мен Кашмирдің Бандипор ауданында да лаңкестер мен қауіпсіздік күштері арасында қақтығыс болды.
Ақпаратқа сай, қауіпсіздік күштері Бандипор ауданындағы Кулнар-Базипор ауданында ультрадыбыстық аппараттар бар екендігі туралы ақпарат алғаннан кейін қоршауға алу және іздеу операциясын бастаған. Іздеу операциясы жасырын күштер қауіпсіздік қызметкерлеріне оқ жаудырғаннан кейін қарулы қақтығысқа ұласты.
Euronews таратқан хабарламаға сенсек, Үндістан билігі Пәкістан азаматтарына берілген барлық визаны алып тастайтынын, Пәкістанмен шекарадағы жалғыз өткелді жауып, Инд өзенінің суын пайдалану туралы 1960 жылғы келісімдерді бұзатынын мәлімдеді.
Пакт Дүниежүзілік банктің делдалдығымен жасалған және екі ел үшін маңызды өзен жүйесіндегі суды бөлісуге мүмкіндік беріп келген. Пәкістан билігі де өз кезегінде Үндістан азаматтары үшін визаны алып тастау, үнді әуе компаниялары үшін әуе кеңістігін жауу, бірқатар дипломатты елден шығару және сауда операцияларын тоқтату шараларын іске асырып жатыр.
Сейсенбі күні Үндістанның бақылауындағы Кашмирде туристерге жасалған қарулы шабуыл екі жақты қатынасты ушықтыруға әкеп соқты. Үндістан билігі бұл оқиғаны теракт деп түсіндірді. Нью-Дели белгісіз сепаратистік "Лашкар-и-Тайба" тобының Пәкістанмен байланысы бар екенін жазады. Еске салайық, Үндістан-Пәкістан арасындағы қақтығыс қашан басталды, оған не себеп екенін жазған едік.

"Дәрігерлер ертерек бала туып ал деді": 24 жасында ерте климаксқа ұшырап, денсаулығы сыр берген ару қыз-келіншектерге жолдау жасады
