Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сасық иістен тыныстау мүмкін емес": Қызылордалықтар "Сарқырама" арнасының қазіргі жағдайына наразы

Қызылордалықтар қаланың орталық көшелерін "Сарқырама" арнасының қазіргі жағдайына алаңдаулы. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзен суына толып, айналасында тұрғындар серуендейтін нысанның қазіргі санитарлық ахуалы адам шошырлық. Сасық иістен қолқа кеуіп, жақын маңдағы көпқабатты үй иелерінің мазасы қашып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Осы уақытқа дейін "Сарқырама" арнасы ыстық аптаптан әбден мезі болған қызылордалықтардың көлеңкелейтін сүйікті жері болатын. Каналдан аққан суды тамашалап, айналасындағы орындықтарда отырып демалатын. Тіпті мектеп оқушылары "Сарқырамада" шомылып, алаңсыз серігетін еді. Бүгінде каналда мүлдем су жоқ. Кішкентай көлшіктерден шығатын иіс тіпті тыныстауға мүмкіндік бермейді.

"Кешкі уақытта каналдың бойымен серуендейтінбіз. Судың салқын самалы сезілетін еді. Қаланың қақ ортасындағы канал ғой. Бұл нысан жауапты мамандардың назарынан қалайша тыс қалып жатқандығы түсініксіз. Сырдарияның деңгейі төмен болғандықтан, су жіберілмей отырған шығар. Дегенмен ішін тазалап, ретке келтіруге болады ғой", - деп ашуланады қала тұрғыны Қуаныш Манатбай.

"Сарқыраманың" айналасы көк шалғын, ағаштардың көптеген түрлері жайқалып тұр. Алдағы уақытта тіршілік нәрі болмаса, олар да қурап қалуы мүмкін. Арнаны жағалай көпқабатты үйлер де орналасқан. Мұндағы тұрғындар жаздың күні терезе ашудан қалыпты.

"Бұл канал бала кезімізден бар, көненің көзі десек болады. Балалар жазда шомылатын. Тіпті ересек адамдардың өзі осында тынығатын еді. "Сарқыраманың" күтімсіз қалғаны адамның жүрегін ауыртады. Қаланың қақ ортасындағы жағдай осындай болса, шет аймақтағыларды ойлаудың өзі қорқынышты", - дейді Сағдат Ақпеилов есімді тағы бір қала тұрғыны.

Жергілікті атқамінерлер жағдай бақылау екенін айтады. Тазарту жұмыстары рет-ретімен жүргізіліп жатқанын алға тартады.

"Қазір коммуналды сала қызметкерлері арнаның ішіне тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шараға арнайы техникалар да тартылған. Толық тазарту жұмыстары аяқталғаннан кейін су берілетін болады", - деп мәлімдеді Қызылорда қаласы әкімдігінің ресми өкілі.

Бүгінде жаздың алғашқы айы ортасына жетті. Осы уақытқа дейін арнаға судың не себепті жіберілмегендігі жұмбақ күйде қалып тұр.

Талқылау