Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сарбаз Марат Барқұловтың өліміне кінәлі деп танылған лейтенант 13 жылға сотталды

Астанадағы қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған әскери сотында сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

марат сарбаз

Фото: Stan.kz

Сарбаздың өліміне қатысты "Батыс" аймақтық қолбасшылығының 25744 әскери бөлімі зениттік-артиллериялық взводының бұрынғы командирі Дамир Досов күдікті ретінде ұсталған. Оған Марат Барқұловты қасақана өлтірді деген айып тағылған еді. Үкімді судья Тамара Королевская оқыды.

Дамир Досов жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді. Сондай-ақ сот оны ұлттық ұлан лейтенанты шенінен айырды. 

Қанды оқиға 2024 жылдың 7 қыркүйегінде Ақтаудағы "Оймаша" полигонында болған. Іс материалдарына сәйкес 22 жастағы Досов кезекшілікке түскен. Сондықтан оған табельдік қару мен оқ-дәрі берілген екен. Шатырға кірген соң ол Макаров тапаншасын сарбаздарға кезеп, Барқұловты атып жіберген. 

24 қаңтарда өткен сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Досовтың әскери дайындықтан өткенін, қаруды қолдануды үйренгенін ескере отырып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. 

Ал марқұмның ата-анасы моральдық өтемақы ретінде 50 миллион теңге талап еткен. Алайда сот шағымды жартылай қанағаттандырып, өтемақы мөлшерін 20 миллион теңге көлемінде бекітті. 

Талқылау