Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сара Назарбаеваның сабағы мектеп бағдарламасынан алынады: Ұсыныс қоғам талқылауына шығарылды

Оқу-ағарту министрлігі "Өзін-өзі тану" сабағын алып тастау туралы бұйрықтың жобасын жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Ашық НҚА" сайтында министрдің "Өзін-өзі тану" адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасын бекіту туралы" 2018 жылғы 29 қыркүйектегі 522 бұйрығының күші жоюды көздейтін құжаттың жобасы талқылауға шығарылды.

Қоғамдық талқылаудың мерзімі 5 қазанға дейін белгіленген. Халық қолдаса, сабақты алып тастайды. Талқылаудан кейін бұйрыққа қол қойылады. Осы құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Еске салсақ, "Өзін-өзі тану" мектептердегі міндетті пән тізімінен шығарылған еді. Ведомствоға пәнді мектеп бағдарламасынан шығару туралы ұсыныстар келіп түскенін министрлік хабарлаған болатын.

Айта кетсек, “Өзін-өзі тану” бағдарламасының авторы – Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаева. Пән алғаш рет 2001 жылдан бастап сынақ жоба ретінде Қазақстанның мектептеріне енгізіле бастады. 2010 жылдың басында "Өзін-өзі тану" пәні 10500 білім беру мекемесінің 184-інде оқытылды. Ал 2010-2011 оқу жылынан бастап "Өзін-өзі тану" міндетті пән ретінде енгізілді.

Талқылау