Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сапарбаевтың інісі: Түркістан облысының басшысы Әзімбек Пазылбекұлының қала әкімі қызметіне келуіне қатысты пікір білдірді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Әзімбек Пазылбекұлының қала әкімі болып тағайындалу себебін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ortcom.kz

БАҚ өкілдері облыс әкімінен 33 жастағы Әзімбек Пазылбекұлының қызметіне қаншалықты лайық екенін сұрады. Әкімге, оның тағайындалуына Сапарбаев-Нәлібаевтар әулетінен шыққаны себеп болды ма, деген сауал қойылды.



"Пазылбекұлын бұл қызметке олардың туысы болғандықтан шақырмадық. Шынымды айтсам, Сапарбаев-Нәлібаевтар әулетінің туысы екенін де білмедім. Тегі басқа болды. Біз іздеген кезде лауазымға сай азаматты іздедік. Себебі Түркістан қаласында инфрақұрылым, тұрғын үй, электрлендіру және кәріз жүйелерінде бірқатар мәселелер бар. Жобалар жетерлік, бірақ 10%-ы ғана қаржылық қолдау табады. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Сондықтан бізге орталық мемлекеттік органдармен жұмыс жасауды білетін адам керек болды. Әзімбек Пазылбекұлы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінде 10 жылдан астам жұмыс істеген. Ал осы комитетті бір жылға жуық басқарды”, – деді облыс әкімі.

Дархан Сатыбалды жаңадан тағайындалған әкімнің облысқа, қалаға пайдасын тигізетініне сенім білдірді.

"Облысымызға, Түркістанға пайдасы тиеді деп сенеміз. Оның үстіне құрылыс комитетінде жұмыс тәжірибесі бар. Ал, оның текті әулеттің өкілі екенін білгенде, қуанып қалдық. Өйткені ол текті әулеттен шыққаннан кейін өз атын кірлетпес үшін, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды деп сенім арттық. Оған жан-жақты қолдау білдіруге дайынбыз. Бізді ұятқа қалдырмайды деп сенеміз”, –деді әкім.

Айта кетейік, Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласының әкімі қызметіне 2024 жылдың 1 қазанында тағайындалған еді. 

Әзімбек Пазылбекұлы 1991 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, М.С. Нәрікбаев атындағы мемлекеттік заң университетін және "Болашақ" университетін мемлекеттік және жергілікті басқару, экономика, құрылыс және құқық мамандықтары бойынша оқып шықты.

Еңбек жолын 2013 жылы Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінде жетекші маман болып бастаған. 2015 жылы Қызылорда қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болды. Сондай-ақ ұлттық экономика министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінде сарапшы және аға сарапшы қызметтерін атқарған.

2017 жылдан бастап инвестициялар және даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінде бас сарапшы және басқарма басшысы қызметтерін атқарды.

Сондай-ақ Пазылбекұлы инвестициялар және даму министрлігі, сондай-ақ индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ведомстволарын басқарды. 2023 жылдан осы уақытқа дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Талқылау