"Самұрық-Қазына" Qazaq Air әуе компаниясын тағы да сата алмады
"Самұрық-Қазына" ұйымдастырған Qazaq Air әуе компаниясын сату бойынша екінші конкурс та сәтсіз аяқталды. Компанияны сатып алуға ешкім ниет білдірмеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: qazaq-air.com
Бұған әуекомпанияның миллиардтаған қарызы себеп болуы мүмкін.
“Самұрық-Қазына" АҚ байқау шарттарына сәйкес келетін конкурстық өтінімдердің болмауына байланысты 2024 жылғы 9 қаңтарда жарияланған "QAZAQ AIR" АҚ-ның 49%-дан 100%-ға дейінгі акцияларын сату бойынша қайта жүргізілген ашық екі кезеңді конкурстың өткізілмегені туралы хабарлайды”, – деп мәлімдеді қор.
Екі кезеңде тендерге белгіленген шарттарға сай бірде-бір өтінім келіп түспеген. Осылайша әуе компаниясын сату туралы байқау жарамсыз деп танылды. Компанияның мәліметінше, тендердің өтпеуіне байланысты "Самұрық-Қазына" АҚ "КПМГ Такс энд Эдвайзори" ЖШС тәуелсіз кеңесші көмегімен “Qazaq Air" әуекомпаниясын бәсекелестік ортаға беру бойынша қосымша шаралар қабылдайды.
38 миллиард теңге қарызы бар “Qazaq Air" әуекомпаниясы берешегін 2044 жылға дейін өтеуге тиіс. Компанияны сатып алушылар бастапқыда қарызды екіге бөліп төлеуі керек еді: бір бөлігін 2030 жылға дейін, екіншісін 2033 жылға дейін. Бірақ әуе компаниясының акцияларын сатып алушылар табылмағандықтан, "Самұрық-Қазына" қарызды өтеу мерзімін 11 жылға ұзартып, шарттарын өзгертті. Берешекті өтеу мерзімі мен шарттағы өзгерістерге қарамастан сатып алуға ниетті адамдар табылар емес.