Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Самса қатын емес, қорықпай екеуін ал": Алматы мен Шымкентте әйелдерге қатысты тағы бір орынсыз жарнама сынға ұшырады

Алматы мен Шымкентте самса сататын дүңгіршектердің бірінде "Самса қатын емес, қорықпай екеуін ал" деп жазылған. Кейін Алматы әкімдігі тақтайшаның алып тасталғанын растаса, шымкенттік дәмхана басшысы неліктен мұндай жарнама ілгенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыдағы Шоған абыз көшесі, 406/1 мекенжайында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында "Самса қатын емес, қорықпай екеуін ал" делінген жазумен жарнама ілінген. Жарнама көптің талқысына түсіп, оқырмандардың ашуына тигеннен кейін қала басшылығы жіті бақылауға алған. 

Желі қолданушылары "жарнама үшін әйел затын күлкі қылды, өкінішті", "Өткенде Ташкентте “Нан қатын емес, қорықпай екеуін ала бер" деген шығып еді” деп жарыса жазды.

Артынша Алматы әкімдігі бұл жарнаманың алып тасталғанын мәлімдеді.

"27 қаңтарда Алатау ауданы әкімдігінің мамандары қоғамдық тамақтану орындарының көрнекі ақпаратына мониторинг жасады. Кәсіпкер субъектісінің қызметкерлеріне реквизит пен көрнекі ақпарат тілін және тұтынушыларға қызмет көрсету тілін қолдану жөнінде түсіндіру жұмысы жүргізілді және әдістемелік көмек көрсетілді. Осылайша әдеби тіл нормаларына сәйкес келмейтін көрнекі ақпарат алып тасталды", – делінген мемлекеттік органның жауабында.

Фото: Stan.kz / Жарнаманың ілінген және кейін алып тасталған сәті

Айта кетейік, дәл мұндай "маркетингтік қадам" Шымкенттегі Аlhayr_halal_food асханасы Зерделі 1А филиалында тақтайшаға ілінген. Дәмхана басшысы Фарходжан Ташқожаев редакцияға хабарласып, неліктен мұндай жарнама ілгенін түсіндіріп берді. 

"Бұл жарнаманы қазір қызметкерлеріме айтып, орнынан алдыртып тастадым. Жарнаманы шығарудағы бірінші мақсатымыз – маркетинг. Көбі бір ғана самса сатып алады. Ал біз көп алғанын қалаймыз. Бірнешеуін сатып алсын деп осылай жазып қойдық. Бұл жарнама тек Қазақстанда емес, алғаш рет Дағыстанда шыққан. Қазір бүкіл ТМД елдерінде осы секілді маркетинг жүріп жатыр. Бұдан басқа біз әйелдерді кемсіткіміз келген жоқ", – деп жауап берді Фарходжан Ташқожаев.

Фото: Stan.kz / Жарнаманың ілінген және кейін алып тасталған сәті

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Grand Park сауда ойын-сауық кешенінің Instagram желісіндегі ресми профилінде авторлары "Тоқалға чемодан сатып ал, әйеліңе чемоданды тегін ал" деген ұранмен байқау өтетіні туралы айтылды. Алайда жарнамадағы сөйлем желі қолданушыларының көңіліне тиді. Келеңсіз мәселеге қатысты Алматы әкімдігі мен Grand Park сауда орталығының өкілдері жауап берді. Артынша, ойын-сауық орталығы жарнаманы алып тастады.

Талқылау