Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сахнаға мүлдем шыққым келмеді: Тоқтар Серіков өнерден қол үзген жылдары қайда болғанын айтты

Халықтың ыстық ықыласына бөленген Тоқтар мен Бейбіт бір кездері сахнаға мүлдем шықпай кетті. 4 жыл дегенде тыңдарманымен қайта қауышқан жұп осы уақыт аралығында қайда болды? Неліктен сахнаға шықпады? Тыңдарманды мазалаған бұл сұрақтарға Серіков әлі күнге дейін тұшымды жауап берген емес, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Ел арасында “Тоқтар дінге беріліп, соның салдарынан өнерді тастап кеткен” деген әңгіме де желдей ескен. Алайда ел сүйіктілерінің халық алдына шықпауының өзіндік себебі басқа.

“Қазақстан” арнасының “Сенбілік таң” бағдарламасына берген сұхбатында Тоқтар Серіков өнерден қол үзген жылдары жайлы толық баяндап берді.

“Біз бала-шағамыз дүниеге келіп, әкем өмірден қайтқаннан кейін өнерге деген зауқым соқпай қалған жылдар болды. Құлазыдым, өнерден біржолата кеткім келді. Сол кезде “сен қалсаң, мен өзім кете беремін” деген Бейбіттің сөзі болған жоқ. Еріксіз менің етегімнен ұстап, еріп жүрді. “Сен кетсең, мен де қайда барамын” деп бұл да тоқтап қалды. Сол кезде екеуміз 3-4 жыл сахнадан үзілдік. Біреулер “Тоқтар Серік діннің арқасында өнерден кетіп жатыр екен” деп шығарды. Жоқ, олай емес. Өнерге өкпем жоқ. Бірақ сахнаға мүлдем шыққым келмей қалды.

Ең үлкен себеп – әкемнің дүниеден өтуі. Ол кісі кеткеннен кейін есі кетіп билеп, ән айтқым келмей, секіріп, терлегім келмеді. Қасымда ол кісі қарап тұрған сияқты болатын. Өзімді салбырт сезіндім. Жанашыр достарымның ішінде “өнерден кетсең, далада қалып қоясың ғой” деп бизнес ашып бергендері де болды. Оған да зауқым соққан жоқ”, – дейді Серіков.

Өнер иесінің қайта аяққа тұруына халықтың өзі себеп болған. Сол шақта Тоқтарды көрген жандардың әншіге жолдайтын сауалы біреу ғана еді.

“4 жыл ішінде кездескен халықтың бәрі: “Қайда жүрсіңдер? Сендерге не болды соншама? Біз сендерді іздеп жүрміз”, – деп бізге өкпе-ренішін айтты. Содан қайта келдік. Айтқым келгені, біздің ішімізде о баста дүниеге келген кезде әке-шешемізден дарыған өнер деген әлем бар екен”, – деп ағынан жарылды Тоқтар Серіков.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау