Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сахнаға ентелеп, жаншылып қалдым": Әнші Қарақат Әбілдина марқұм Мадина Ералиева туралы естелік айтты

Әнші Қарақат Әбілдина “Қазақтың Ақбаяны” атанған марқұм Мадина Ералиевамен алғаш жүздескен күнін еске алып, Instagram парақшасында жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жақында ғана әнші сахнада жүрген 25 жылдық мерейтойын атап өтіп, елордадағы Барыс-Арена спорт кешенінде концерт берген болатын. 

“Ақтүбек ауылы. Жеті жасар, 3-сынып оқитын кезім. Ауылға Мадина Ералиева концерт қойып келді. Кішкентай ғана клубтың ішінде ине шаншар орын болмады. Ығы-жығы адам. Үлкендер жағы орындықта отыр. Балалар сахнаны жағалап, жерге отырдық. Сыймағандары сыртта терезе жағалап жүр. Өзім шынашақтай арық, қара қызбын. Көпшілік сахнаға қарай ентелегенде жаншылып қалдым. Сонда да жақыннан көремін деп сығылысып кіріп алғанмын,” – дейді әнші. 

Марқұм Мадина Ералиеваның сахналық образы да әншінің күні бүгінге дейін көз алдында қалыпты.

“Мадина апайдың бүрмелі көйлегі, кестелі камзолы, сызылып сахнаға шыққаны есімде. Ән салғанда бет-әлпетін өзгертіп айтатын. Қасын керіп, кірпігін қағып, әлсін ғана маңғаздана мойнын бұрып, бұлбұл даусымен ән салғаны санамда жаңғырып қалды”, – деп еске алды сол сәтті. 

Өзінің айтуынша, сахнаға шығамын деген бала арманы сол кеште көңіліне ұялаған.

“Сол бейне бала Қарақаттың көз алдында қалып қойды. Талай түндер көзін жұмып, сахнада оюлы костюм киген әнші қызды елестетті. Елес шындыққа айналып, сахнаға шықтым. Мадина апаймен жүздескенім маған сенім беріпті”, – дейді әншінің өзі. 

Қарақаттың оқырмандары мен замандастары Мадина Ералиеваны алғаш қай жерден көргенін жарыса жазып жатыр.

Еске салсақ, биыл “Қош енді қош бол, күрең күз” деп соңғы әнін шырқаған жезтаңдай әншінің өмірден өткеніне 21 жыл толады. 
ватсап канал

Талқылау