"Рұқсатымызсыз аударым жасаған": ВТБ банкіне ақша салған клиент 9 миллион теңгесінен қағылды
ВТБ банкінің клиенті көрші елдегі тауарды төлеу үшін шотына қомақты соманы салғанын, бірақ ақша жоғалып, Freedom Bank есепшоттына аударылғанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сөзінше, клиент 9,2 миллион теңгесінен қағылыпты. Оның үстіне кодты ол ешкімге айтпаған, ал ақша аударылатын кезде Call-орталықтардан қоңыраулар, тіпті банктен хабарламалар да болмапты.
“4 шілдеде қызыммен бірге банкке келіп, ақшаны ресейлік банкке аудармақ болдым. Қызым Азиза менеджердің көмегімен Онлайн банкингке қосылды. Осылайша ақшаны аудардым. 5 шілдеде конвертация кезінде ақшам ұрланды. Ноутбукта онлайн банкинг істемей қалды. Ақшаның ұрланғанын біз 9-ы ғана білдік. Олар біздің рұқсатымызсыз қазақстандық шотқа аударым жасаған”, – деді тұрғын.
Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды.
ВТБ банкі жағдайға түсініктеме берді.
"Бұл фишингтік жағдай болуы мүмкін және клиенттің қаржылық қауіпсіздігіне одан әрі қауіп төндіруі мүмкін. Осындай жағдайлардан қорғау үшін біз клиенттерге корпоративтік поштаны қорғаудың көп деңгейлі жүйесін қолдануды, компьютер және мобильді құрылғыларда антивирустық БЖ орнатып, уақытылы жаңартуды және ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі ережелерін сақтауды ұсынамыз.
ВТБ алаяқтықты төзбейді. Банк туындаған жағдайды тезірек және оңтайлы шешуге мүдделі,. Сондықтан біз істі дереу құқық қорғау органдарына тапсырдық және клиентке де сонда жүгінуді ұсындық. Өз тарапынан Банк тергеуге барынша жәрдем көрсетеді", – деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.