Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рудныйдағы колледж студенттерінің жаппай улануына стафилококк себеп болды

Рудныйдағы колледж асханасының үш қызметкерінен патогенді алтын стафилококк анықталды. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Айта кетейік, Қостанай облысында биылғы жылдың 20-21 сәуір аралығында Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының "Рудный тау-кен-технологиялық колледжінің" КМК студенттері жаппай тамақтан уланған болатын. Жұқпалы аурулар бөліміне барлығы 14 адам жатқызылды.

Аталмыш факт бойынша департамент пен аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары қозғалған қылмыстық іс аясында кәсіпкерлік субъектісі жалға алған колледж асханасына жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Эпидемиологиялық тексеру барысында науқастарда жүрек айнуы, құсу, сұйық нәжіс түріндегі белгілер болған, олар колледж асханасында тамақтанумен байланысты екені анықталды.

Бүгінгі таңда барлық студенттер қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылып, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша асхананың 3 қызметкерінен патогенді стафилококк анықталды, дайын өнімнің барлық үлгілері микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеді.

Ауруханаға жатқызылған студенттердің талдауларында патогенді алтын стафилококк анықталды.

"Зерттеу нәтижелері бойынша асхананың 3 қызметкерінен патогенді стафилококк анықталды. Дайын өнімнің барлық сынамасы микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеді. Ауруханаға жатқызылған студенттердің талдауларынан да патогенді стафилококк анықталды. Инфекцияны тасымалдаушы асхана қызметкерлері болуы мүмкін", – деді Қостанай облысының Cанитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілі.

Тексеру барысында санитарлық ережелерді бұзу фактілері анықталды: тамақ өнімдерін сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз пайдалану, сақтау шарттары мен пісіру технологиясын бұзу.

"Мамандар вирус ошағында профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатын болады",  – делінген Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарламасында.

Осыған дейін Рудныйда 70-тен астам студент колледж асханасындағы тамақтан уланғанын, осыған байланысты арнайы тексеру басталғанын жазған болатынбыз.

 

Талқылау