"Роза Рымбаеваның билеттерін сатып алуға мәжбүрледі": Маңғыстау облысында бір топ мұғалім шу шығарды
Маңғыстау облысында Мұнайлы ауданының №10 мектеп мұғалімдері президентке үндеу жасап, басшылықтың гастролдік сапармен келетін әншілердің концертіне билет алуға мәжбүрлейтінін айтып шағымданды. Ал басшылық тек Роза Рымбаеваның концертіне баруға шақырғанын айтып ақталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі lada порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видео үндейден скринделген
Олардың үндеуі Маңғыстау облысы әкімдігінің чатында пайда болған. Мұғалімдер бұл әрекетті сыбайлас жемқорлық деп атап, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен білім министріне басшылықты жұмыстан шығаруды талап еткен. Айтуларынша мектеп басшысы директор өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, қысым көрсетіп гастролге келген әртістердің концерттеріне билет сатып алуға мәжбүрлеген.
"Біз білім бөлімінің басшысына және Мұнайлы ауданының прокуратурасына, сондай-ақ Білім министрлігіне жүгіндік. Алайда олар нақты жауап бермеді. Біздің ұжымдық хатымыз қанағаттандырылмады. Осыған байланысты өзіңізге жүгінуге мәжбүрміз", – делінген видеода.
Ал Мұнайлы ауданының №10 мектебінің директоры өзінің атына тағылған барлық айыпты жоққа шығарып отыр. Ол елді халық әртісі Роза Рымбаеваның концертіне ғана баруға шақырғанын жеткізді. Айтуынша бұл концерт тіптен тегін өткізілген.
"№57 бұйрықпен конкурс бойынша мен Мұнайлы ауданы Батыр ауылының №10 мектебінің директоры болып тағайындалдым. Тағайындалған күннен бастап өз міндеттерімді адал атқарамын. Мұғалімдердің құжаттарын тексеру кезінде мен орта арнайы білімі бар мұғалімдердің жоғары білім деңгейіне сәйкес жалақы алатынын білдім. Билеттерге келсек, наурыз қарсаңында ауданымызға Роза Рымбаева келді. Мен мұғалімдерден сол жерге баруды өтіндім. Бірақ бұл тегін қойылым болды. Оларды ешкім күштеп апарған жоқ. Оларға ешқандай қысым жасамаймын. Барлығы тек нормалар мен заңға сәйкес. Керісінше, олар маған жұмысты орындауға кедергі келтіріп жатыр", – деді мектеп директоры Күмісай Қансұлтанқызы.
Жағдайдан соң Маңғыстау облысының Білім басқармасы пікір білдіріп, басқарма мамандарының №10 мектепке барып наразы ұстаздармен кездескенін жеткізді. Айтуынша, ұстаздарға қызметтегі адамның атына этикалық нормаға сай келмейтін сөздерді айтпау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Одан бөлек, білім басқармасы бүгінде мектеп директорының оқу саласында бірнеше заң бұзушылықтарды анықтағанын алға тартты.
“Кейбір қызметкерлердің белгіленген жалақыдан жоғары қаражат алып келгені анықталды. Олар жалақы алған кезде штаттық кестеде жоқ лауазымдарда жұмыс істеген. Бүгінде мектеп директоры Күмісай Қансұлтанқызы тарапынан штат кестесін қалпына келтіру, білімі туралы дипломы жоқ, жұмысқа заңсыз қабылданған және басқа да заңбұзушылықтар бойынша жұмыс басталды, – делінген хабарламада.