Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"9 айдай емделді": Әскерден есін білмей оралған қызылордалық Ринаттың отбасы кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етуде

Қызылорда облысы Арал ауданы Қызылжар ауылының тұрғыны Ринат Жеткергенов 2020 жылдың күзінде Ақтау қаласындағы әскери бөлімнен есін білмей оралған болатын. Қазір Ринаттың әжесі Мәриям немересін бұл жағдайға түсірген сержанттардың жазаға тартылуын талап етуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар” арнасының “Біздің назарда” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Ринат 9 айдай емделіп, қазір жағдайы тұрақталған. Ринат бұған дейін жасатқан Алматы мен Қызылордадағы сараптама нәтижелеріне сенімсіздік танытып Нұр-Сұлтан қаласына барған. 

“Қызылорда мен Алматының сараптамасы мүлде дұрыс емес. Сараптама бойынша баламызды бұрыннан ауруы бар деп көрсетіп тұр. Егер бұрыннан ауыратын болса, онда әскерге қалай қабылданды? Аралдың, Қызылорданың әскери бөліміндегілердің барлығы баланың денсаулығы мықты деп теңіз флотына жіберді. Бірақ меніңше барлық мәселені туындатып жүрген әскердегі сержанттар болуы керек”,- деді әжесі Мәриям.

Қазір жағдайым тұрақталды деген Ринат сержанттардың бұл іске қатысы бар екенін ашық айтты.

“Әжемнің, отбасымның арқасында қазір денсаулығым жақсарды. Барлығы сол сержанттардың кесірі ғой. 360 күн жақсы жүрдім де үйге оралуыма 5 күн қалғанда осындай жағдайға ұшыратып отыр”,- дейді Ринат. 



Әжесі Мәриям Мәліков Әлімжан, Көпжанов Амангелді, Юлдашев Сардор, Калимбаев Айдос, деген сержанттардың атын тізіп айтып, бұл істе күдікті екендерін жеткізді. Денсаулығын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтқан Ринаттың әжесі кінәлілерден болған істің өтемін сұрауда.

“Мен баламның жағдайы үшін Қызылордаға бес рет бардым, Алматыға екі рет, Ташкентке екі рет барып, міне бүгін Астанаға келіп отырмын. Менің балам жұмыссыз, келінім болса немеремнің денсаулығына қарайды. 70 мың теңге зейнетақыммен осы жерге келіп отырмыз. Баламды емдетіп, қарату үшін несие мен қарызға баттық”,- деді Мәриям.

Қазір Ринаттың отбасы Қорғаныс министрлігінен жауаптылардың жазалануы мен кеткен шығынның өтемін талап етуде.

Талқылау