AAPL
165.35 $
-0.28 %
TSLA
864.51 $
-6.63 %
NDAQ
182.07 $
-0.39 %
GOOGL
117.47 $
-0.61 %
FRHC
56.91 $
-0.32 %
AAPL
165.35 $
-0.28 %
TSLA
864.51 $
-6.63 %
NDAQ
182.07 $
-0.39 %
GOOGL
117.47 $
-0.61 %
FRHC
56.91 $
-0.32 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әрқайсыcы кімді қандай әдіспен қинағанын айтып, жарысатын": Қаңтар оқиғасында полицейлер қол-аяғын сындырып, азаптаған алты баланың әкесі көмекке мұқтаж

Ғалымбек Бисаев “қаңтар” оқиғаларынан кейін полиция ғимаратында аяусыз азап көргенін айтады. Алты баланың әкесі 5 қаңтар күні Алматыға ауылдастарымен бірге барған. Алайда 10 қаңтар күні ер адамды полиция қызметкерлері бала-шағасының көзінше, қару кезеп алып кеткен. Сау жерім қалмады деген азамат ақылы түрде ем қабылдауға мәжбүр. Ал жәбір көрсеткендер болса бостандықта жүрген көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

45 жастағы Ғалымбек Бисаев Алматы облысы Жамбыл ауданы Қаракәстек ауылында тұрады. 5 қаңтар күні Алматы қаласында басталған бейбіт наразылық туралы естіп, ауылдастарымен бірге азаматтық ойын білдіру үшін алаңға барған. 

“Ауылымызда ешқандай перспектива жоқ. Күнкөріс жағдайы төмен. Өзімнің алты балам бар. Келіншегімнің жетіншісіне аяғы ауыр. Азаматтық талабымды бейбіт жиында білдіргім келіп, қалаға жол тартқан едім. Бірақ жағдайдың ушыққанын көріп сол күні алаңнан кетіп қалдым. Еш тәртіпсіздікке қатыспадым, өртенген әкімдіктің де маңына жоламағанмын”, – дейді ол. 

Алайда ер азаматты 10 қаңтар күні үйінен бала-шағасының көзінше 15 полиция қызметкері күштеп алып кетеді. 

“Олар үйімнің бәрін тінтіп, бала-шағамды шошытып, қолымды кісендеп алып кетті. Ұзынағаш ауылындағы Жамбыл аудандық полиция мекемесіне апарды. Көлікке отырған сәтімнен бастап, маған дауыс көтеріп, төмпештеп, тапаншамен ұрып-соқты. “Түсіп қашып көр” сені атамыз деп қорқытты. Полиция бөліміне кіргеннен кейін де тепкінің астына алды. Баспалдақмен көтерілгеннен кейін кабинетке апарып шешіндіріп, қалтамдағы ақшамды алып қалды. Бұдан соң жалаңаш күйі қабырғаға қаратып, 5-6 полиция қызметкері тек қана жұдырықтаумен болды. Басымды жарды, қабырғаларымды, қолымды, омыртқамды сындырды”, – дейді Ғалымбек Бисаев. 

Ер азамат полиция қызметкерлерін жақсы танитынын айтады. Тіпті, кейбіреуінің аты-жөнін толық білетін де көрінеді.

“Бірінші тергеуші мені ұрып-соғып, диванға құлатты. Сол жерде тұрған қызметкерлердің көзінше тамағыма қайшы тақап, басыңды кесемін деп қорқытты. Бұдан соң тағы бір қызметкер дәлізге сүйреп алып шығып, тапаншасын оқтап, ататынын айтып сес көрсетті. Қасында он шақты полиция қызметкері тұрса да ешкім араша түспеді. Керісінше біреуі атамын деп тұрса, екіншісі мойнымнан қылқындырып, дубинкамен ұрып басымды жарды”, – дейді ол. 

Бұнымен қоса тәртіп сақшылары жамбылдық азаматтың екі қолын, саусақтарын, онымен қоймай, бес қабырғасын сындырған.

“Сан-аяғым қанталап-көгеріп, ісініп кетті. "Не жазығым бар, себебін түсіндірсеңдерші" дегенімде террориссің деп, бейәдеп сөзбен ар-намысымды тілдеп, қорлады. Қаңсырап жатқанымызға қарамастан ешқандай медициналық көмек көрсетілмеді”, – дейді Ғалымбек. 

Осылайша азамат Жамбыл ауданындағы полиция бөлімінде төрт күн бойы азапталған. Ал 14 қаңтар күні оны Алматы қалалық полиция департаментіне жіберген. 

“Қалалық полиция департаментінде де “свежийлар” келді деп, кіргеннен бастап бізге азап көрсетумен болды. Өзін “оперміз” деп таныстырған қызметкерлер қол-аяғымыздың сынып тұрғанына қарамастан ешқандай медициналық көмек шақыртуға құлшынбады. Тек қана қинаумен болды. Одан қалса, электрошокермен азаптады”, – дейді жәбірленуші. 

Полиция бөлімшесіне келген соң Ғалымбекке адвокат келіпті. Сол кезде ғана үй ішімен сөйлесе алыпты. Сонымен қатар өзінің "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып бойынша тергеліп жатқанын бір-ақ білген.

“Тергеуші жауап алу хаттамасына қол қоюымды талап етті. Мен "келіспейтінімді" жаздым. Алайда бұдан кейін ол мені бос кабинетке апарып, ішімнен бірнеше рет жұдырықтады. "Не айтам, соны істейсің, әйтпесе кешегі жігіттерге қайтадан талатамын, тәрбие сағатынан өтесің" деп сес көрсетіп, қол қоюға итермеледі. Тіпті, қандай бап бойынша күдікті екенімді айтудан бас тартты” , – дейді Ғалымбек. 

Осыдан соң жәбірленушіні кешке департаменттің астында орналасқан уақытша ұстау изоляторына қамауға алып барады. Уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері Ғалымбекті медициналық анықтамасыз қабылдаудан бас тартады. Бұдан кейін жедел уәкілдер басшылық құрам жұмыстан қайтқаннан кейін кабинетіне әкеп, ер азаматты қолын жылыту батареясына кісендеп қояды.

"Бесеуі жан-жақтан тыққан арақтарын алып шығып, 3-4 бөтелкені қылғытты. Түні бойы "жаттығу" деп, білектерін түріп, кезектесіп, кейде жабылып ұрып-соқты, тепкіледі. Біреуі аяғымнан мыжғылайды, біреуі үстіме мініп секіреді. Бәрі – қазақтың жігіттері. Біреуі қайта-қайта маңдайыма тапанша тіреп, өлтіремін деп бопсалады. Әбден қызған кезде әрқайсы кімді қалай, қандай әдіспен азаптағанын айтып, бір-бірімен жарысты. Тіпті біреуі сұрақ-жауап алған ер адамның тік ішегін электрошокермен азаптағанын дейін айтып берді. Дәретке шығуға рұқсат етпеді, су ішкізбеді. Әйтеуір, таң атты. Келесі күні медициналық тексерістен өткізіп, төрт күн астыңғы абақтыда ұстады. Ол кезде де басымызды игізіп қойып, жерге тізерлеп отырғызып тепкіледі”, – дейді азамат. 

18 қаңтарда тергеуші хаттамаға күштеп қол қойғызған. Сол күні Ғалымбек Бисаев түзеу мекемесіне ауыстырылған. 

Бұдан соң сырқатының ауырлығына әрі отбасы жағдайына байланысты наурыздың 10-ы үйіне жіберілген.

“Денсаулығым әбден нашарлап, бүйрегімде істен шыққаннан кейін зәрімді ұстау қиынға соқты. СИ-18 изоляторында жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің бәріне жүгініп, арыз жаздым. Қабылдауына кіргізуді, дәрі-дәрмек беріп, емдеулерін өтіндім. Ешқандай да көмек берілмеді. Медицина қызметкерлерінің өзі мені адам құрлы көрмей, дұрыс сөйлеспеді. Біреу ауырып барсаң ұрсып, болағаттап, “бар камераңа кет” деп ұрсып қуып жібереді. Өтірік ауырып тұрсыңдар деп өзімізге жала жапты”, – дейді Бисаев. 

Ғалымбек абақтыда жатып, “Қаңтар” оқиғасын зерттеу комиссиясына, Денсаулық сақтау министрлігіне, Бас прокуратураға және Алматы қаласының прокуратурасына медкөмекке мұқтаждығын айтып, өзін себепсіз азаптағандарды жауапқа тартуды сұрап шағым түсірген.

“Изолятордан шыққаннан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке бардық. Адвокатымыз екеуміз Алматы облысы Жамбыл ауданы полиция қызметкерлері мен Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлерінің үстінен іс қозғалғанын қалап, “азаптау фактісі” бойынша екі арыз тастадық. Бірақ іс әлі күнге дейін жылжымай тұр. агенттік қызметкерлері “мені азаптады” деген құқық қорғау органы қызметкерлерінің суреттерін әкелді. Мен таниытындардың бәрін айтып, көрсетіп бердім. Есімдерін де атап бердім. Тіпті, олармен кездесу өткізіп, беттестірді. Алайда азаптағандардың бәрі мені танымайтындарын айтып, ат тондарын ала қашты. Егер мені олар бірінші рет кездестіріп тұрса, олардың жүздерін қалай танимын?”, – дейді ол. 

Бисаев өзін Жамбыл ауданындағы полиция бөліміндегі  қызметкерлердің азаптағанына сенімді. Сондай-ақ тәртіп сақшылары ұрып-соққаннан бөлек, жәбірленушіден ақша бопсалаған. 

Қазіргі таңда Ғалымбек Бисабаев өзінің ісі бойынша Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеу жүргізіп жатыр дейді. 

“Тергеушінің өзі мені азаптағандардың жағына шығып, қолдау көрсетіп отыр. Сонымен қатар менің адвокатыма да қоқан-лоқы көрсетіп отыр. Тіпті ар-намысына тиетін сөздер де айтылды. Осының бәрін айтып бастығына кірсек те ешқандай шара қолданбайды. Арасында шақыртқан кезінде келсем, бала-шағам және аяғы ауыр әйеліммен қоса күттіріп қояды. Балаларымның бәрі кішкентай, қарайтын адам жоқ болғаннан кейін бірге алып жүруге мәжбүрмін. Таңертең барсақ, түске дейін күттіреді, кешке барсақ таңға дейін күттіреді. Істі созудың амалын таппай біресе прокуратураға, біресе басқа органдарға жібереді. Прокуратура азаптағандарды ұстауға сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің құқықтары бар екенін айтады. Міне, төрт айдың жүзі болды. Ісім әлі алдыға жүрер емес”, – деп қапаланады Ғалымбек. 

Осы мәселе бойынша Stan.kz ақпарат агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сұрау салған болатын. Ведомство азаптау фактісіне байланысты іс қозғағанымен әзірге ешбір құқық қорғау органы қызметкері ұсталмаған. 

“2022 жылғы 1 сәуірде департаменттің оңтүстік аймағы бойынша ауданаралық басқармамен Ғалымбек Бисаевтың арызы бойынша Жамбыл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық Кодекстің 146-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы ( адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған азаптаулар) бойынша іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде. 

ҚР ҚПК-нің 201-бабы, 1 бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды. Егер бұл тергеу мүдделеріне қайшы келмесе және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзумен байланысты болмаса, олар прокурордың рұқсатымен ғана мүмкін деп танылған көлемде жария етілуі мүмкін”, – дейді агенттіктен. 

Қазір сау-тамтығым қалмады деген Ғалымбектің күні ауруханаға қатынаумен өтуде. Медициналық сақтандыруы болмағандықтан ақылы негізде ем алуға мәжбүр. Қаржы тапшылығынан қазір қажет дәрі-дәрімекке, стационарлық емге қолы жетпей отыр. 

Алты баласының үлкені - 12 жаста, кенжесі 3-те. Әйелі жетіншісіне аяғы ауыр. 

“Күнкөріс қиындады, шаруашылық жүргізейін десем, несие немесе субсидия бермейді. Әйеліме ауруханада дұрыс қарамайды, бала-шағаның оқуы жағынан қайта-қайта ақша сұрайды. Шыны керек, бәрі жеп бітті. Бір ауыз талабымды айту үшін өмірімде бірінші реті барған едім. Барлық жағдайды бастан кештім. Енді қорқатын ештеңесі жоқ, бірақ бала-шағамның болашағы үшін алаңдаймын” – дейді ол.

Ғалымбек Бисаевтың отбасына қол ұшын созам деушілер үшін төмендегі реквизиттерді пайлана алады: 

Kaspi Bank

+7 708 271 62 07 Асем С. (Ғалымбек Бисаевтың жұбайы)

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр