Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нан мен сүт сынды ұсақ-түйек нәрселерді ғана алдық": Республикалық спорт мектебінің жұмыстан қуылған аспаздары асхана меңгерушісінің аяқтан шалғанын айтып, бас көтерді

Алматыда олимпиадалық резерв мектеп-интернатының аспаздары оларды тамақ ұрлады деп айыптағанға наразы.  Олар ұрлыққа асхана меңгерушісінің қатысы бар екенін айтады. Ол аспаздарға үндемесін деп артық тамақты алып кетуге рұқсат беріпті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Республикалық спорт мектебінің кейбір аспаздары күтпеген жерден жұмыссыз қалды. Олар әділетсіз жұмыстан шығып қалғандарына наразы. Интернаттың бұрынғы қызметкерлерін басшылық тамақ ұрлады деп айыптаған. Жанжалдан кейін басшылық он төрт адамның жетеуін бірден жұмыстан шығарды.

“Асхана меңгерушісі 2008 жылдан бері бізді аңдып жүр. Ол барлық ұсақ-түйекті қадағалайды. Әдепсіздік танытады. Егер түскі ас ұнамаса, аспазды ұрып жіберуі мүмкін. Ол қолынан келгенше мазақ етті. Ал енді тамақ ұрлады дейді”, – деді аспаз Толғанай Нұрсәлімова.

Ашынған әйелдер ұрлыққа асхана меңгерушісі кінәлі деп отыр. Айтуларынша, басшы азық-түлікті көлікпен алып кетуді әдет қылған. Үндемесін деп ол қарамағындағыларға тамақ пен көкөніс қалдықтарын алуға рұқсат берген.

Қалған тамақтарды алдық. Ол өзі рұқсат берді. Ашығын айтқанда, бізге жауып жіберді. Нан мен сүт сынды ұсақ-түйек нәрселерді ғана алдық. Әдептілік сақтамайды, еш себепсіз боқтық сөз айтады. Көңіл-күйі болмаған кезде өшіп аспаздардан алып, балағаттайды”, – деді Салтанат Рысмендиева.

Айгүл Әубекова 10 жыл бойы спорт мектебінде аспаз болып жұмыс істеген. Әйел асхана меңгерушісі өзінің қызметтік жағдайын пайдаланды деп отыр. Жұмысшылардың айтуынша, бастық билігін асыра пайдаланған,

“Бізге азық-түліктің бір бөлігін заңсыз алып кетті деген айып тағылды. Нан, картопты 2-3 мың теңге көлемінде ұрлады деді. Біз ұрлаған жоқпыз. Құралай Сәрсенбекқызының өзі бізге берді. Білесіз бе, бұл ақшаға күн көру мүмкін бе? Ол бізге тамақ салынған табақтарды лақтыратын. Біз оған жеке тамақ дайындаймыз. Өйткені ол балаларға әзірленген тамақты жегісі келмейді. Аспаздар оған арнайы ас мәзірін жасап, ас әзірледі. Егер ұнамаса, ол тәрелкелерді лақтырып, әртүрлі қарғыс айтады, мені ұрған сәті де болды”, – деді Айгүл Әубекова.

Бірақ кадр бөлімінің қызметкерлері де, заңгер де бұрынғы қызметкерлердің уәжін тыңдағысы келмеді. Содан аспаздар оқу орны директорының кабинетіне тіке қарай бет алды. Алайда олар мұнда да қолдау таппады. Интернат басшысы ұрлық фактісі дәлелденгенін айтты

“Мен барлық тарапты тыңдадым. Мен бұл оқиғаны түсінуге тырыстым. Біз бейнебақылау камерасын қарап шықтық. Өнімдердің ұрланғаны расталды. Біз комиссия құрдық. Қызметкерлер өз кінәларын толық мойындады. Оларды жұмыстан босаттық. Біз асхана меңгерушісін тексердік. Оған тағылған айыптар расталмады”, – деп мәлімдеді Алматыдағы Республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернатының директоры Сағат Сырлыбаев.

Кейбір аспаздар өздерінің кінәсіздігін дәлелдемек. Олар туризм және спорт министрлігіне хабарласуға дайын. Ал басқалары жаңа жұмыс іздей бастайды.

Талқылау