Республика күніне орай елуге жуық жетісулық мемлекеттік наградалармен марапатталды
Жетісу облысында Республика күніне орай түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген елуге жуық жетісулық азамат мемлекеттік марапаттарға, сол сияқты "Жетісу облысының Құрметті азаматы" атағына ие болды. Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы академиялық драма театры ғимаратында өткен салтанатты жиында наградаларды облыс әкімі Бейбіт Исабаев табыстады, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен сахнаға салтанатты түрде Қазақстанның Мемлекеттік Туы кіргізіліп, Әнұран орындалды. Мұнан соң жиналған көпшілікті өңір басшысы еліміздің басты мерекесі – Республика күнімен құттықтады:
“Республика күні – өткеннен тағылым алып, бүгінгі бағытымызды сараптайтын, келешекке сенімімізді бекемдейтін айрықша мереке. Бұл – туған жерге деген сүйіспеншілікті, Отанға деген адалдықты, елдік мұрат пен ортақ жауапкершілікті терең сезінетін күн. Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Осы мерейлі жыл еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы болды. Мемлекет басшысының ауқымды реформасының нақты нәтижесі ең алдымен халықтың тұрмысынан және өңірлердің дамуынан көрініс табуда. Бұл ретте айтулы нәтижелерге береке-бірлігімен, адал еңбегімен атсалысып жүрген барша жетісулық азаматтарға шынайы алғыс айтамын”, – деген Б. Исабаев облыс құрылғаннан бергі өңірдің 4 жылдағы жеткен жетістіктерін атап өтті.
Мұнан кейін марапаттау рәсімі атқарылды.

Атап айтқанда, "Құрмет" орденімен Сарқан ауданындағы "Абылкасымов Б" шаруа қожалығының басшысы Балтабек Әбілқасымов, "Рамазан" шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бекиев, Талдықорған қалалық емханасының дәрігері Ләйлә Төлеуханова, Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының жеке дауыстағы әншісі Абылайхан Хармысов, "Алтынемел" Мемлекеттік ұлттық паркінің бас директоры Қуат Байтұрбаев, ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен Қаратал ауданынан "Нұрсұлтан" шаруа қожалығының жетекшісі Бабай Жанысбаев, "Текелі Су құбыры" кәсіпорнының операторы, Текелі қаласы Марина Коваленко, "Басқуат" серіктестігінің жұмысшысы Валентин Пажитных ие болды. Сол сияқты еңбегі сіңіген тағы бірқатар азаматтарға "Ерен еңбегі үшін", "Шапағат" медальдары, сондай-ақ "Жетісу облысының Құрметті азаматы" атағы берілді.

Марапатталғандар атынан Д.Рақышев атындағы облыстық филармонияның әншісі А. Хармысов сөз алып, барша жерлестерін Республика күнімен құттықтап, тілегін білдірді.
Мерекелік шара жергілікті өнер ұжымдарының концертімен жалғасты.
Еліміздің басты мерекесіне орай шараға арнайы келген және марапат алған тұрғындар пікір білдірді.

“Ауыл шаруашылығы саласында 44 жыл еңбек өтілім бар. Бірнеше жыл мал шаруашылығында мал дәрігері болдым. Кейін жеке шаруашылық ашып, жылқы өсірумен айналысып отырмын. Жүзден астам жылқым бар, 6 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бүгінгі ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен марапатталуым істеген еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Қазір елімізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Ауылдық жерлерде жолдар жөнделіп, газ тартылып, емханалар, мектептер салынып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласына субсидиялар бөлінеді. Мұның бәрі халықтың игілігіне беріліп отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының саясатын қолдап-қуаттаймыз. Барша жетісулықтарға толайым табыс тілеймін”, – деді "Нұрсұлтан" шаруа қожалығының жетекшісі Бабай Жанысбаев.
“Медицина саласында 40 жылдай еңбек еттім. Соның 30 жылдай уақытын Текелі қаласының ауруханасында жұмыс істедім, 10 жылдай Талдықорған қаласының емханасында бас дәрігер болдым. Қазір зейнеткермін. Бүгін мені үлкен марапатқа лайық деп сенім білдіріп, награда берген азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын. "Құрмет" орденін алу – мен үшін үлкен мәртебе, еңбегіме берілген жоғары баға деп білемін. Барша жұртшылықты Республика күнімен құттықтаймын. Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын. Республикамыз көркейіп, гүлдене берсін”, – деді медицина саласының ардагері Ләйлә Төлеуханова.
“Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында тұрамын. "Алацем" зауытында бес жылдан бері дәнекерлеуші әрі токарь болып жұмыс істеймін. Бүгін "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталдым. Бұл бұдан кейін де жауапкершілігімді арттырып, жұмысымды бар ықыласыммен атқаруыма стимул болып отыр. Адал қызмет еткен адам ешқашан еленбей қалмайды. Сондықтан қатарластарымды белсенді еңбек етуге шақырамын”, – деді "Алацем" зауытының жұмысшысы, жас маман Александр Постол.
Қазақстандық дәрігерлер Республика күніне сыйақы берілмегеніне жаппай наразы болды: Сыйақыны кімдер алады