Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейлік газетке сұхбат берген Тоқаев Путинмен болатын кездесуде қандай мәселелерге баса мән берілетінін түсіндірді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің “Известия” газетіне берген сұхбатында екі ел арасындағы қатынастардың дамуына қандай баға беретінін айтты. Сонымен қатар ол алдағы келіссөздер барысында қандай мәселелерге баса мән берілетінін түсіндірді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тоқаев Путин

Сұхбаттың толық нұсқасын Ақорда жариялады. Соңғы уақытта Тоқаев пен Путиннің тұрақты түрде кездесіп жүргеніне назар аударған журналист президенттен алдағы келіссөздер барысында нендей мәселелерге баса мән берілетінін сұраған.

Тоқаев екіжақты кездесулерде немесе интеграциялық бірлестіктер аясындағы көпжақты келіссөздерде болсын, талқылайтын мәселе жеткілікті екенін айтады. Қазақстан президентінің сөзінше, Путин – барлық саладан жан-жақты хабардар әрі білікті тұлға. Оның жаһандық және өңірлік процестерге көзқарасы көп жағдайда қазіргі әлемдік ахуалға ықпал етеді.

“Сындарлы саясат және өзара тиімді нәтижеге ұмтылыс – Қазақстан мен Ресей диалогының негізгі ерекшелігі. Біз әрдайым ресейлік серіктестеріміздің ұстанымына назар аударуға тырысамыз, олар да біздің пікірімізді ескереді.



Өзіңізге мәлім, биыл ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толады. Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достықтың тарихы тереңде жатыр, ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Дегенмен 2013 жылы қол қойылған мемлекетаралық шарттың символдық мәні зор. Өйткені бұл қазақ-орыс байланыстарының келешегіне жол ашады. Елдеріміз арасындағы тату көршілік және одақтастық қатынастарға негізделген ынтымақтастықтың тарихы бай және болашағы жарқын деп бағалаймын”, – деді Тоқаев ресейлік журналиске.

Тоқаев Ресей президентімен Астанада өтетін алдағы кездесудің күн тәртібі өте ауқымды екенін жеткізген. Мемлекет басшысының айтуынша, кездесуде екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқылап, халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыстардың аспектілері де қарастырылады. Сонымен қоса әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмаспақ.

“Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысамыз. Бұл – аймақтар мен екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бірегей әрі өте тиімді формат. Биыл Қазақстанның Қостанай қаласында аталған жиын 19-шы рет өткізіледі. Іс-шараның тақырыбы – ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық. Форум Ресей Президентінің Қазақстанға алдағы сапары секілді табысты өтеді деп сенемін”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, 9 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Ресей президенті Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келеді.

Талқылау