"Қазақстанның табиғаты көмектесті": Ұзақ жылдан соң бала көтерген ресейлік әйел Қазақстанға көшіп келуі жайлы айтты
26 жастағы ресейлік Алина Руф Қазақстанға осыдан бір жыл бұрын көшіп келген. Неміс ұлтының аруы кәріс жұбайымен Мәскеуде танысқан екен. Ең қызығы, бойжеткеннің өмірі Қазақстанға келгеннен бастап, ғажайып оқиғалармен өзгерістерге тола бастаған. Жұбайымен отасқан алты жылда сәби сүйе алмай түрлі ресейлік дәрігерлердің тексерісінен өтіп, үміті үзілген ару Қазақстанға келген соң денсаулығының қалай өздігінен жақсарғанына таңғалады. Ғажабы да сол, ешқандай емсіз осынша жылдан соң ол сәби көтерді. Алина Stan.kz тілшісіне мұнда өмірін өзгерткен басқа да түрлі қызықты оқиғалары туралы баяндап берді.
Алина Алматыға бір жыл бұрын сәуір айында көшіп келген. Жұбайы екеуінің маркетингтік жарнама агенттігі бар. Айтуынша, Қазақстанға келудің басты себебі де Ресейдегі жағдайға байланысты кәсіпті қалай да құлдыратпай алып қалу болған екен.
Алина Рудный қаласында туылғанымен кішкентайынан ата-анасы Мәскеуге көшіп, сол жақта өскен. Алайда араға жылдар сала аруға бұл елге қайта келу мүмкіндігі түсіпті.
Таныстарым дамымаған, ұстанымдары қиын ел деді...
Ресейлік ару мұнда келер алдында достары мен туыстарының Қазақстан жайлы түрлі жаман ойлар айтып, қорқытқанын жасырмады.
“Бірі көнеріп, дамымаған ел десе, бірі қоғамда ұстанымдары қиын, кедергі келтіреді деп шошытты. Сондай оймен уайымдап келген біз мұндағы мәдениет пен тұрғындардың бауырмалдығын көріп мүлде таңғалдық. Бекер уайымдаппын. Пәтерге көшіп келгенімізде танысын-танымасын, көршілеріміз үнемі бізбен амандасып жүрді. Таңданысымды жасырмаймын. Бұл маған ерекше жылылық сыйлады. Көшкелі бері ұлтқа бөлініп, бізді шеттеткендер болмады. Керісінше, жақсы адамдар жолығып, бірден көмек қолын созды. Енді Қазақстан туралы басқаша ойлап жүрген сол таныстарыма мұнда қалай бәрі дамып кеткенін, әдемі мейрамханалар мен табиғатты түсіріп жіберіп көрсетіп отырамын. Олар бұл шынымен Қазақстан ба деп таңданып жатады”, - деп қосты ол.
Қазақстанның табиғаты жүкті болуыма көмектесті
Алина жұбайы Тихонмен Мәскеуде танысқан. Айтуынша, өзі этникалық неміс ұлтынан болса, жұбайы этникалық кәріс ұлтының өкілі екен. Отасқандарына алты жыл болған жұбайлар сәбилі болуды жоспарлапты. Алайда Алина Ресейде көптеген мамандарға барса да денсаулығындағы кінәратты емдей алмапты.
“Бұл шынымен қызық оқиға. Мәскеуде жүргенімде дәрігерлер мені біресе отаға дайындады, біресе отасыз емдейміз деді. Тіпті көптеген ем курстарынан өтіп, түрлі дәрі-дәрмектер іштім. Алайда менің денсаулығымдағы мәселе шешіле қоймады. Қазақстанға көшкенімізде гинекологияға есепке тұруға бардым. Сосын тексерістерден өттім. Тексеріс нәтижелерінен жағдайымның аса өзгермегенін ұқтым да жүктілікті жоспарлауды кейінгі қалдырдым. Оның үстіне жаңадан көшіп келіп жатқандықтан оны ойлауға шама болмады. Кейін шабыспен бұл мәселені ұмытып та кетіппін”, – деді келіншек.
Алина бір жыл өткен соң жағдайына күдіктеніп, жүктілік тестін жасап көруді шешеді. Оң нәтижені көргенде тіпті сенбепті.
“Қатты қорқып кеттім. Дәрігерлердің тексерісінен, узиден, барлық талдаулардан өткен соң бір аптадан кейін ғана міне ғажап, деп таңғалдым. Дәрігерлерден “қалай бұлай болды, денсаулығымдағы кінәрат емделіп кетті ме” деп сұрадым. Олар тұрғылықты жер ауысқандықтан, табиғи факторлар көмектесуі мүмкін екенін айтты. Мен мұнда келгелі арнайы емдеуден де өтпеген едім. Тіпті талдау нәтижелері де ағзамда жетіспейтін дәрумендерім көбейіп, денсаулығымның жақсарғанын көрсетті. Қазақстанға келгелі көп серуендеп, салауатты өмір салтын ұстанатын болдым. Мұнда келіп ғажайып орын алды. Қазақстанға келіп жүкті болдым. Мұндағы табиғат, жасыл желек пен күн сәулесі менің денсаулығыма кәдімгідей әсер еткен екен”, - деді ресейлік.
Алина кейін елде көп балалы аналардың көп екенін байқаған, тіпті мұндай аураның да денсаулығына көмектесуі мүмкін екенін алға тартты.
“Алғашында үй жақта балалардың көптігін көріп жұбайым екеуіміз таңғалатынбыз. Ал қазір өзімде жүктілік кезеңі болып жатыр. Көшелер мен саябақтардағы жас аналарға қарап, жігерленемін. Олар маған қолдау беріп жатады. Бұл мен үшін өте керемет сезім. Оларға қарап мен жалғыз емес екенімді сезінемін”, - деп қосты ол.
Қазақ тілінде сөйлейтіндерді түсінгім келеді
Алина қазір қазақ тілін меңгеруге тырысып жүр. Ол басында өздігінен дайындалса, кейін граматикасыз қиын екенін ұққан соң, арнайы маманның көмегіне жүгінген.
“Ресейде жүріп қазақ тілін үйрену туралы ойланбаппын. Алайда Қазақстанға келгенімде айналамдағы алаңда жүрген адамдардың, қазақ тілінде сөйлеп жатқанын естіп, оларды түсінгім келді. Бұл жақтың да өз тілі бар екенін ұқтым. Сондықтан өзім көшіп келген елдің тілін білуге ұмтылып жүрмін.
Басында сөйлеуге қатты ұялдым. Тек “сәлеметсіз бе” деген секілді жеңіл сөздерді білетінмін. Алғаш рет жеміс жидек сататын ағаның жанына барып білетін сөздеріммен жәй естілер естілместен амандасқаным есімде. Бірдеңені қате айтып қоямын ба деп қатты қорыққан едім. Тілді білу арқылы мұнда достарм тауып, ортамды кеңейтіп қоғаммен араласқым келеді”,- деп қосты ару.
Алина бос уақытында TikTok желісін белсенді жүргізеді. Одан бөлек, саяхаттау, туризм жайында подкасттар түсіріп, елдегі өзін таңдандырған жайттар туралы көпшілікпен бөлісуде.
@alina_9704 Сәлем!❤️ Такие небольшие влоги помогают в практике языка. Текст составляла сама в качестве домашнего задания на курсе) Уже чувствую супер большой прогресс, хотя со стороны может не так заметно 😅 Осталось научится добавлять интонации и чуть больше практики ра слодные и длинные слова. Спасибо что посмотрели!💕 #қазақтілі #қалай #казахстан #учуказахскийязык #языковаяпрактика #урокиказахскогоязыка #эмиграция ♬ оригинальный звук - — Алина Руф ☀️
Үйде бешбармақ дайындап, екі есе көп тамақтанатын болдық
Алинаға мұнда адамдардың ашықтығы мен бауырмалдығы қатты ұнаған. Айтуынша, таныс емес ортаның осыншалықты ашық қарым-қатынасын бұрын-соңды көрмеген екен.
“Жұмыс барысында келушілеріміз амандасып болған соң, міндетті түрде өзімнен бастап, күйеуімнің, отбасымның жағдайын сұрап, өздері туралы да көптеген дүниелерді айтып, жақыныңдай әңгімелеседі. Ал Мәскеуде танымайтын адамдар кем дегенде қалай жеткенің мен ауа райын ғана сөз етуі мүмкін. Мұнда адамдар бір-бірінің өмірлерін білу арқылы жылы да жақын қарым-қатынас орнатаып, жан-жағын тануға ұмтылады. Олар әзілдесіп, көңілді жүргенді жақсы көреді. Тіпті танымайтын адам болсын әзіл айтып, бір-бірінің көңіл-күйін көтеріп жатады. Бұл мені одан сайын мәдениетке қызықтыра түсті”, – деді Алина.
Алинаға қазақтың ұлттық тағамдары да қатты ұнаса керек, жұбайы екеуі тіпті өздері жасап үйренген екен.
@alina_9704 Достар, вы бы знали как я счастлива!😄 Впечатлений — море! Такой замечательный, сердечный праздник, такая невероятная атмосфера! Боже, я и в следующем году приду!❤️ #наурыз #наурыз2023🌷 #казахстан #алматы #праздникнаурыз #концертвгороде ♬ оригинальный звук - — Алина Руф ☀️
“Біз мұнда келгелі екі есе көп тамақтанатын болыппыз. Ұлттық тағамарының өзі өте дәмді. Тіпті үйде бешбармақ дайындайтын болдық. Жүктілігімнің қиын кезеңдері кетіп тамаққа тәбетім ашыла бастаған сәтте жұбайым жиі бешбармақ дайындап береді. Одан бөлек мұнда табиғат сөзсіз ғажап. Шырайлы ауа райы басым болғандықтан көңіл-күйің мен өмірге деген құлшынысың арта түседі”,- деді ару.
Алина Қазақстанға келгелі өмірі жарқын бояуларға қаныға түскенін айтты. Жаңа ортадан жасқанбай, керісінше шабыт алатынын жеткізді.