"Ресейге қайт": Қазақстандық әнші өзін елден қуғысы келетіндерге жауап берді (видео)
Қазақстандық әнші, домбырашы Алексей Лодочников өзін елден қуғысы келетіндерге жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz.
Оқырмандарының бірі Алексейге: "Осы орыстар неге Қазақстанда жүр? Қайтпай ма Ресейге, Қазақстанға келіп жабыса бермей", – деп пікір қалдырған.
Кезекті фолловердің жағымсыз пікірі Алексейдің шамына тисе керек, музыкант оған жауап беруді жөн көрген.
"Ал неге біз осы елден кету керекпіз? Біз сізге бөгет жасап жатырмыз ба? Мен осында туып-өстім, қалыптастым, елге құрмет ретінде қазақ тілін үйрендім. Мәдениеті мен өнерін дәріптеп жатырмын. Керісінше, менің сізге қояр сұрағым, осыны жазудан басқа осы елдің дамуы үшін сіз не істедіңіз?”, – деді ол.
Желі қолданушылары Алексейді қолдады.
"Дұрыс айтып тұр ғой, қазақ бола тұра өз тілінде сөйлей алмайтын мәңгүрт депутаттардан мына орыс баласы таза сөйлеп тұр, ол қазақ жерінде тұрған соң, қазақ тілінде сайрап тұрған жоқ па? Туып-өскен жері осы болса, қайда кетпек?", – деді оқырмандардың бірі.
Айта кетейік, Алексей Лодочников – музыкант, домбырашы, "100 жаңа есім" жобасының қатысушысы. 1999 жылы Ақсу қаласында дүниеге келген. 14 жыл Павлодардағы Қашыр балалар үйінде тәрбиеленген.
Бала күнінен домбыраға, қазақ тіліне қызыққан. Бүгінде қазақтың халық әндері мен күйлерін нақышына келтіре отырып, орындайды.