Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейден 2,5 миллион доза вакцина сатып алынды: Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация басталады

Қазақстанда 15 қыркүйек күні тұмауға қарсы вакцинация басталады. Бұл туралы денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 вакцина

"Жақындап қалған ЖРВИ, яғни тұмау маусымына айрықша тоқталып өткім келеді. Биыл бюджет қаражаты есебінен Ресейде шығарылған "Гриппол+" вакцинасының 2,5 млн дозасы сатып алынды. Вакцина құрамында алдағы маусымға қарсы штамм бар. Бұл республиканың жалпы тұрғындарының 13 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы – 10 пайыз. ЖРВИ мен тұмауға қарсы вакцинация 15 қыркүйекте басталады", – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Бірінші вице-министрдің атап өтуінше, осыған орай еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы қабылданған.

"Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықтың ең әлсіз тобы вакцинацияланатындығын атап өткім келеді. Олар: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және басқалары", – деді Марат Шоранов.

Оның айтуынша, жұмыс берушілер мен тұрғындардың жеке қаражаты есебінен де тұмауға қарсы вакцинация жүргізіледі.

"Тұмауға қарсы ақылы вакцинация жеке орталықтарда және тұрғылықты жері бойынша емхананың егу кабинеттерінде жүргізіледі. Тұмауға қарсы вакцинация жүргізетін уәкілетті медициналық мекемелердің мекенжайларын тұрғылықты жері бойынша аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінен және денсаулық сақтау басқармаларынан білуге болады. Бюджет қаражатына сатып алынған "Гриппол плюс" вакцинасынан басқа, Қазақстанда үш өндірушіден тұмауға қарсы тағы төрт вакцина тіркелген", – деп қорытындылады Шоранов.

Атап айтқанда, Санофи-Пастер (Франция) өндірген "Ваксигрип Тетра", Инфлювак (Нидерланды) мен Синовак Биотек (Китай) компаниялары өндірген вакциналарды да алуға болады. 

Талқылау