Біз Украинада шындап әрекет етіп бастаған жоқпыз – Путин
Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің Украинада "әлі шындап бастамағанын" мәлімдеді. Оның сөзінше, батыс елдері ресейлік "арнайы операция" басталған уақытта-ақ жеңілгенін түсінуі керек болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Зеркало басылымына сілтеме жасап.
"Бүгін бізді соғыс алаңында жеңгілері келетінін естідік. Не дейсің, тырысып көрсін. Батыстың соңғы украиналық қалғанша бізбен соғысатынын талай рет естідік. Бұл Украина халқы үшін қасірет, алайда барлығы соған бара жатқан секілді", – деді Путин Мемлекеттік дума фракциялары басшыларымен кездесуде.
Путин Ресейдің бейбіт келіссөзден бас тартпайтынын мәлімдеді. Алайда ұзаққа созылған сайын Ресеймен келісімге келуге қиындайды дейді.
"Барлығы біздің әлі шындап бастамағанымызды білуі керек", – деді ол.
Путин тағы да "АҚШ бастаған Батыс елдері ондаған жылдардан бері Ресейге қатысты агрессия танытып келгенін" айтты. Сонымен қатар ол Ресейдің НАТО-ға қосылу туралы идеясы өзге мүше елдер үшін "ақылға қонымсыз" болып көрінгенін қосып өтті.
"Неліктен? Себебі оларға Ресей секілді ел керек емес, сол үшін. Сондықтан Ресейдегі терроризмді, сепаратизмді, еліміздегі деструктивті күштер мен бесінші колоннаны қолдады", – деді Путин.
Ресей президенті Украинадағы жағдайлар үшін 2014 жылы Майданды қолдаған Батыс елдері жауапты екенін мәлімдеді. Кейін олар "Донбасстағы адамдарға қатысты геноцидті қолдап, ақтап келді" дейді Путин.
Путиннің сөзінше, егер Батыстың мақсаты соғыс өртін тұтандырып, Ресеймен күрестің жаңа кезеңіне өткісі келсе, бұл қолдарынан келген.
"Соғыс та өршіді, санкция да енгізілді. Жай кезде мұны жасау қиын болар еді", – деп қосты Путин.
Путин батыс едерінің "арнайы операция" басталған уақытта-ақ жеңілгенін түсінуі керек еді дейді. Себебі оның басталуы "америкалық бейбітшіліктің толығымен қирауын" білдірген.