Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейде жол апатынан екі қазақстандық көз жұмып, тағы төртеуі зардап шекті

апат
Фото: Telegram Тіл кеспек жоқ

Ресейдің Алтай республикасында жантүршігерлік апат болып, салдарынан екі қазақстандық қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәліметке сәйкес, жол апаты кешкі уақытта Улаган ауданындағы Ақташ ауылы маңында болған. Toyota Avensis көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан.

Ауыр жарақат алған Chevrolet көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы ауруханада көз жұмды. Екеуі де Қазақстан азаматтары. Chevrolet көлігіндегі тағы үш жолаушы мен Toyota-дағы бір жолаушы түрлі деңгейдегі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Ал Toyota көлігінің жүргізушісі жеңіл жарақат алып, медициналық көмек көрсетілген соң үйіне жіберілген.

Қазір полиция қызметкерлері жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Аталған жағдайға қатысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді. Ведомство жол апатынан екі Қазақстан азаматының қаза тапқанын растады. 

“Тағы бір қазақстандық түрлі дәрежедегі жарақат алып, Горно-Алтай қаласындағы республикалық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Біз жергілікті билік органдарымен, медицина мекемелерімен және зардап шеккендердің туыстарымен байланыс орнаттық. Оларға қажет консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Қаза тапқандардың денесін елге жеткізу жұмыстары ұйымдастырылуда”, – делінген хабарламада.

Оған қоса ведомство бұл мәселе ерекше бақылауда екенін айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында жантүршігерлік жол апатынан 7 адам қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 10:27