Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жолаушылар ұшағы алғаш рет бір тәуліктен астам уақыт әуеде ұшты

ұшақ рекорд
Фото: qantasnewsroom.com

Airbus A350-1000ULR ұшағы 27 шілде күні Мельбурннан Францияның Тулуза қаласына дейін ешбір жерге қонбай ұшты. Лайнер әуеде 24 сағат 24 минут болып, Тынық мұхиты мен Канада аумағы арқылы 23 075 шақырым қашықтықты еңсерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сынақ ұшағы австралиялық Qantas әуе компаниясы үшін әзірленген. Ұшақты Airbus экипажы мен әуе тасымалдаушы компанияның ұшқыштары бірлесіп жеткізді.

Ұшаққа 20 мың литрлік қосымша жанармай багы орнатылған. Соған байланысты ұзақтығы 22 сағатқа дейінгі коммерциялық рейстерді орындай алады. Сондай-ақ бортта жолаушылардың бой жазып, су ішуіне арналған арнайы аймақ қарастырылған. Бұдан бөлек, ұшақта арнайы жарықтандыру және тамақтандыру режимдері, сондай-ақ кеңірек салон орналасуы көзделген.

Ұшу ұзақтығы мен қашықтығы бойынша бұл рейс Boeing 777-200LR ұшағының алдыңғы рекордын жаңартты. Аталған ұшақ 2005 жылы Гонконгтан Лондонға дейін 21 602 шақырымды 22 сағат 42 минутта ұшып өткен болатын.

Алайда бұл рейс сынақ мақсатында орындалғандықтан, әзірге ол тұрақты жолаушылар әуе тасымалының ресми рекорды ретінде танылған жоқ.

"Әлемдегі алғашқы Сидней – Лондон бағыты бойынша қонбай ұшатын рейстер жолаушыларға қазіргі бір аялдамамен орындалатын ең жылдам рейспен салыстырғанда төрт сағатқа дейін уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді", – делінген Qantas әуе компаниясының сайтында.

Qantas компаниясы 238 жолаушыға арналған 12 Airbus A350-1000ULR ұшағына тапсырыс берген. Әуе компаниясы алғашқы сериялық ұшақты 2027 жылдың сәуірінде алуды жоспарлап отыр.

Ал 2027 жылдың қазан айында ұзақтығы шамамен 20 сағатқа созылатын Сидней – Лондон бағыты бойынша күн сайынғы қонбайтын рейстерді іске қосу жоспарланған. Бұл рейске билеттер 2027 жылдың ақпан айында сатылымға шығады.

Компанияның келесі қонбай ұшатын бағыты Сидней – Нью-Йорк рейсі болмақ.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 09:51