Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайдағы шахтада газ жарылып, 90-ға жуық адам қаза тапты

қытай шахта
Фото: news.cctv.com

Қытайдың солтүстігіндегі Циньюань уезінде орналасқан Люшэньюй көмір шахтасында кешке газ жарылысы болды. Апат кезінде жер астында 247 кенші болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Scmp.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

ҚХР Төтенше жағдайларды басқару министрлігінің мәліметінше, апат салдарынан кемінде 90 адам қаза тапқан. Тағы тоғыз адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Жалпы саны 123 адам ауруханаға жеткізілген. Оның ішінде екі адамның жағдайы аса ауыр, тағы екеуінің жағдайы ауыр деп бағаланған. Ал 33 адам емделіп, үйлеріне шығарылған.

Оқиға орнына Шаньси провинциясынан құтқарушылар мен медицина қызметкерлерін қоса алғанда 755 адам жіберілді.

Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жоғалғандарды іздеу, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырды.

Мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, шахтаға иелік ететін компанияның жауапты тұлғалары Қытай заңнамасына сәйкес бақылауға алынған.

Еске салайық, бұған дейін Қытайдың Хунань провинциясындағы пиротехникалық зауытта ірі жарылыс болып, алдын ала мәлімет бойынша 20-дан астам адам қаза тапқаны хабарланған еді. Оқиға Люян қалалық уезінде тіркеліп, бірнеше адам жарақат алған. Апаттан кейін Си Цзиньпин құтқару жұмыстарын жеделдетуді тапсырып, жарылыстың себептерін анықтап, кінәлілерді жауапқа тарту қажеттігін мәлімдеген еді.

Айым Атамбаева
Сенбі, 23 Мамыр, 2026 15:15