Қорғаныс министрлігі елдегі үш облыс тұрғындарына маңызды ескерту жасады
Қорғаныс министрлігі 12-19 қыркүйек аралығында Жетісу облысындағы “Көктал” полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының “Рубеж-2026” бірлескен оқу-жаттығуы өтетінін мәлімдеді. Осыған байланысты 7-30 қыркүйек аралығында Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарында әскери техника мен жеке құрамның жоспарлы қозғалысы өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік 5 қыркүйекте ел тұрғындарына шұғыл үндеу жасады.
“Оқу-жаттығуға дайындық және оны өткізу аясында 7-30 қыркүйек аралығында Алматы, Жамбыл облыстары және Жетісу облысының аумағында әскери техника мен жеке құрамның жоспарлы қозғалысы жүзеге асырылады”, – делінген хабарламада.
Оқу-жаттығу барысында далалық сабақтар өтіп, әскерлерді қайта топтастыру, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау мәселелері пысықталады.
Іс-шаралар ұйымға мүше мемлекеттердің бекітілген жауынгерлік даярлық жоспарларына сәйкес өткізіледі. “Рубеж” оқу-жаттығуы тұрақты түрде ұйымдастырылып, кезекпен Ұйымға мүше мемлекеттер аумағында өтеді.
Қорғаныс министрлігі азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.
“Азаматтардан, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларынан тексерілмеген ақпаратты таратпауды және ресми дереккөздерде жарияланған мәліметтерге сүйенуді сұраймыз”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар министрлік көрінеу жалған ақпарат таратқандар ел заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанайда әскери қызметкерді 6 адамнан тұратын отбасына берілген бір бөлмелі пәтерден бас тартқаны үшін үй кезегінен алып тастағаны туралы жазған едік.
Балалар құсып, іші өтіп жатыр: Қазақстанда инфекция таралып жатыр ма?
