Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықты асханада пышақтап өлтірді

Фото: Рexels.com

 

Талдықорғандағы асханалардың бірінде әйелді пышақтап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Асханада тұрмыстық жанжал болып, оның соңы адам өлімімен аяқталды. Зардап шеккен әйел медициналық мекемеге жеткізілген, алайда дәрігерлер оны аман алып қала алмады.

Жетісу облыстық полиция департаменті оқиғаны және адам өлімі болғанын растады. 

“Кісі өлтіру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды”, – деп хабарлады ведомство.

Полицияның алдын ала мәліметінше, тұрмыстық жанжал кезінде күдікті жәбірленушіге пышақ жарақатын салған. Күдікті ұсталып, қамауға алынған. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.



Ведомство тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін атап өтті.

Сондай-ақ желідегілер күдіктінің бұған дейін сотты болғанын жазды.

Бұған дейін Талғарда 20 жастағы жігіт пышақ жарақатынан көз жұмғаны туралы жазған едік. Қайғылы жағдай 12 сәуір күні болған. 

“Оны қоршап алып, өзін қорғауға мүмкіндік бермеген. Ауыр пышақ жарақаттарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Бізде болған оқиғаны дәлелдейтін бейнежазбалар бар. 30-дан астам куәгер де бар. Алайда соған қарамастан, қамауда бір ғана адам отыр. Қалған қатысушылар әлі де бостандықта жүр”, – деп жазды марқұмның жақыны.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 26 Сәуір, 2026 11:31