Қарағандыда қорқытып несие алдырғандарға 12 жылға дейін жаза сұралды
Қарағандыда Шахтинск қаласының он тұрғынына қатысты резонансты сот процесі аяқталуға жақын. Тергеу нұсқасы бойынша, олар жергілікті тұрғындардан қорқыту мен қысым арқылы ақша бопсалап, ірі көлемде қаржыға заңсыз иелік еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап хабарлайды.
Айыпталушылардың жасы 22 мен 34 аралығында. Тергеу мәліметінше, олар ресми түрде жұмыс істемей, табыс табудың заңсыз жолдарын таңдаған. Күдіктілер тұрғындарды қорқытып, олардың атына несие рәсімдетіп, алынған қаражатты өз мақсаттарына жұмсаған.
Жиналған қаржының басым бөлігі жалға алынған қымбат көліктер мен ойын-сауыққа кеткені айтылды. Шу тудырған іс бойынша күдіктілер екі жыл бұрын ұсталған еді.
Қазір сот процесі аяқталуға жақын. Мемлекеттік айыптаушы әр айыпталушының қылмысына қарай 4 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Алайда, сотталушылар өз кінәларын мойындамай отыр. Прокурор Нұрсұлтан Тамабаевтың айтуынша, іс бойынша барлық дәлел бар.
"Аталған эпизод бойынша сотталушылардың кінәсі жәбірленушілер Катасомов пен Кульшиновтың жауаптарымен, сондай-ақ олармен өткізілген беттестірулер барысында берілген айғақтармен дәлелденеді. Бұл көрсетулер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында да, сотта да бірізді, логикалық тұрғыдан үйлесімді және өзара қайшылықсыз болып отыр", – деді прокурор.
Еске салайық, бұған дейін мәжілісте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов қазақстандық банктердің бірінен 7 триллион теңгеден астам қаржыны аудару туралы ақпаратқа пікір білдірген еді. Сол кезде Шолпанқұловтың айтуынша, президент айтқан 7 триллион теңге міндетті түрде заңсыз қаражат шығару дегенді білдірмейді, бұл жай ғана "жалпы айналым" болуы да мүмкін. Ол мысал ретінде: егер екі адам бір-біріне күн сайын мың теңгеден аударып отырса, жылдың соңында "қомақты сома жиналатынын" айтты. Оның сөзінше, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк тарапынан тексеру жалғасуда, алайда "ерекше құқықбұзушылық белгілері" анықталмаған. Ол осы пікірінен соң бірден қызметінен кеткен.