Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Жириновскийге арналған естелік тақта орнату ұсынылды

Фото: kp.ru | Владимир ВЕЛЕНГУРИН | Ресейлік саясаткер Владимир Жириновский

Алматыда ресейлік саясаткер Владимир Жириновский тұрған үйге естелік тақта орнату мәселесі көтерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Сергей Леонов Алматыдағы Владимир Жириновский дүниеге келген және балалық шағы өткен үйді аралады.

Аталған үй қаланың қақ ортасында, Масанчи көшесі 79 мекенжайында орналасқан.

Мәліметтерге сәйкес, болашақ саясаткер осы ғимараттың екінші қабатындағы үш бөлмелі №3 пәтерде тұрған.

Үйді аралап шыққаннан кейін Леонов саясаткердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында ғимараттың қасбетіне естелік тақта орнатуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл сапар Жириновскийдің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында символикалық мәнге ие.

"Әрине, егер осы ғимараттың қасбетінде дәл осы жерде көрнекті ресейлік саясаткер Владимир Вольфович Жириновский дүниеге келгені туралы естелік тақта орнатылса, өте жақсы болар еді. Сонда көп адам бұл тарихи үй туралы біліп, саясаткердің өмірімен жақынырақ танысар еді", – деді Сергей Леонов.
Айта кетейік, Владимир Жириновский 1946 жылдың 25 сәуірінде Алматы қаласында дүниеге келген. Кейін Ресейге қоныс аударып, посткеңестік кезеңдегі ең танымал саясаткерлердің біріне айналды. Ол Ресейдің либерал-демократиялық партиясын құрып, ұзақ жылдар бойы басқарды, бірнеше рет Мемлекеттік Дума депутаты болып сайланып, Ресейдегі президенттік сайлауларға қатысты.

Жириновский өткір әрі эпатажды мәлімдемелерімен танылып, оның сөздері жиі қоғамда үлкен резонанс тудыратын.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар Алматыдағы Розыбакиев көшесіне Мұхтар Шахановтың есімін беру туралы петиция жариялады. Өтініш авторлары Шахановтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, мемлекеттік тілді қорғауға қосқан үлесін және Желтоқсан оқиғасын тарихи тұрғыдан ақтаудағы маңызды рөлін атап өткен. Алматылықтың бастамасын әзірге 179 адам қолдаған, 55 адам қарсы қол қойған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 25 Сәуір, 2026 17:15