Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әдейі жолға төккен": Астанада жүк көліктерінің салмақ нормасын бұзған жүргізушілер қамауға алынды

Фото: Көлік министрлігі

Астанада ауыр жүк көліктерін бақылау барысында заң бұзушылықтар анықталып, бірнеше жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көлік министрлігінің мәліметінше, оқиғалар елорда аумағында ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау бойынша бірлескен тексерулер кезінде тіркелген.

Министрліктің мәліметінше, 12 сәуір күні айналма жолда Shacman маркалы екі самосвалдың жүргізушілері салмақ өлшеу бақылауынан өтуден бас тартып, "АРЕ" ЖШС өкілінің нұсқауымен әдейі жолдың үстіне топырақ төккен. Сонымен қатар олар көлік инспекциясы мен полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына қарсылық көрсеткен. Аталған оқиғаға қатысушылардың барлығы әкімшілік жауапқа тартылып, соның ішінде артық жүк тиегені үшін де жазаланды.

Ал 14 сәуірде өткен ұқсас тексерулер кезінде тағы үш Shacman самосвалының жүргізушілері инспекторлардың талаптарына бағынбаған. Полиция қызметкерлерінің әрекеті нәтижесінде көліктер тоқтатылып, өлшеуге жіберілді. Тексеру қорытындысы бойынша рұқсат етілген салмақ мөлшерінен асып кеткені анықталып, айыппұл салынды.

Сот шешімімен жеті құқық бұзушы 15-тен 18 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ оларға айыппұл салынып, көліктер коммуналдық айып тұрағына қойылды.

Көлік министрлігі жүк көлігі иелерін ел аумағында белгіленген салмақ нормаларын сақтауға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Алматы прокуратурасы Медеу өңірлік табиғи паркі маңындағы 288 гектар жер телімін мемлекетке қайтарды. Аталған жерлер ауыл шаруашылығы мақсатындағы су қоры бар аумаққа жатқанына қарамастан, заңсыз түрде жекеменшікке берілгені анықталған. Сот мәмілелерді жарамсыз деп танып, жалпы құны 17 миллиард теңгеден асатын жер телімдері мемлекет меншігіне өтті.

Айым Атамбаева
Сенбі, 25 Сәуір, 2026 18:21