Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың миллиардтаған айыппұлдары кешіріледі: Тоқаев заңға қол қойды

рақымшылық Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент Тоқаев рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды. Құжат Президенттің тапсырмасы бойынша дайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Еске салайық, биыл 11 маусымда Сенат депутаттары аталған заңды мақұлдаған болатын. Заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленіп, қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған. Құжат Президенттің тапсырмасы бойынша дайындалды.

Кімдер рақымшылыққа ілінеді?

Заңға сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен немесе негізгі жазадан босатылады.

Сондай-ақ рақымшылық мына санаттағы сотталғандарға да қолданылады:

  • Орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандардың өтелмеген жаза мерзімі екі есе қысқартылады;
  • Ауыр қылмыс жасап, келтірілген залалды толық өтегендердің жаза мерзімі үштен біріне қысқартылады;
  • Аса ауыр қылмыс жасап, келтірілген залалды толық өтегендердің жаза мерзімі төрттен біріне қысқартылады;
  • Ауыр қылмыс жасап, залалды өтемегендердің жаза мерзімі төрттен біріне қысқартылады;
  • Аса ауыр қылмыс жасап, залалды өтемегендердің жаза мерзімі бестен біріне қысқартылады;
  • Мінез-құлқы теріс деп танылмаған және рақымшылық қолданылған кезде жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына бір жылдан аспайтын уақыты қалған сотталғандар жазаның қалған мерзімінен толық босатылады.

 Рақымшылық кімдерге қолданылмайды?

  • Терроризм қылмыстары үшін сотталғандар;
  • Экстремизм қылмыстары үшін сотталғандар;
  • Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандар;
  • Ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелері;
  • Азаптау қылмысы үшін сотталғандар;
  • Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыс жасағандар;
  • Қылмысты қайталап (рецидив жағдайында) жасаған адамдар;
  • Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сотталғандар;
  • Сырттай сотталған адамдар.

Заңда тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасау туралы жеке норма қарастырылған.

Оған сәйкес, төмендегі санаттағы тұлғалар әкімшілік айыппұлдарды төлеуден босатылады:

  • Азаматтар;
  • Жеке кәсіпкерлер;
  • Нотариустар;
  • Адвокаттар;
  • Жеке сот орындаушылары;
  • Заң консультанттары.

Сонымен қатар соттар салған әкімшілік айыппұлдар мен азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдар рақымшылыққа ілінбейді. 

Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысы Тоқаев бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жарияланатынын мәлімдеген еді. Жуырда Сенат рақымшылық жасау туралы заңды мақұлдады.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 16:13